Қытайлықтардың дастарханында қазақстандық өнім көбейіп келеді – Си Цзиньпин

67

0

Фото: Kazinform

Бүгін елордаға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келеді. Көрші елдің басшысы осы сапарға орай Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына арнап авторлық мақала жазды. Оқырман назарына сол мақаланың қызықты деген тұстарын ұсынып отырмыз.

Мақалада Си Цзиньпин Қазақстан аумағында қытай инвестициясына іске асып жатқан жобалардың бірнешеуіне тоқталып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің іркіліссіз жұмыс істеп тұрғанына назар аударады.

«Біз іскерлік ынтымақтастықта өзара пайда мен бірлесіп даму рухында жаңа таңғаларлық нәтижелерге қол жеткіздік. Екіжақты сауда-саттықтың былтырғы көлемі рекордтық деңгейдегі 41 млрд АҚШ долларына жетті. Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып отыр және қазақстандық тауарлардың ірі импорттаушысы. Жаңатас ЖЭС-і, Тұрғысын ГЭС-і, сияқты стратегиялық тұрғыдан маңызды жобалар табысты іске қосылды. Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары мен күрделі жөндеу аяқталды. Қытай-Қазақстан мұнай-газ құбырлары қауіпсіз әрі тұрақты негізде жұмыс істеп тұр, ауылшаруашылығы өнімдерінің барлық түрін жеткізуге байланысты кедендік рәсімдерді жеделдететін жасыл дәліз құрылды, қытайлықтардың дастарханында Қазақстанның сапасы жоғары, экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылығы өнімдері барған сайын көбейіп келеді», – деді Қытай басшысы.

ҚХР төрағасының пайымдауынша, екіжақты қарым-қатынаста жаңартылатын қуат көздері мен көлік инфрақұрылымы саласының әлеуеті зор.

«Сиань қаласында құрғақ порт қатарға қосылды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы, Қытай-Еуропа бағытындағы контейнерлі пойыз іркіліссіз жұмыс істеп тұр. Бұл да екі елдің дамуына қуатты серпін береді», – деді Си Цзиньпин.

Бұған дейін хабарланғанындай, 2-4 шілде күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Ол сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<