«Қызылөзек» 

263

0

Ауыл – елдің айнасы. Қазір көптеген атақоныстың тұрмысы түзелген. Тіпті қаладан айырмасы жоқ ауылдар бар. Түзу жол, жарық көше. Әлеуметтік нысандар да заман талабына сай бой көтеруде. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, спорт кешені, балалар ойын алаңқайы ел игілігіне берілуде. Шағын кәсіптің негізгі көзі де ауылда. Әсіресе қыз-келіншектер арасында кәсіпке бет бұрғандар көбейді. Олар тәтті, нан, сүт өнімдері мен тігін цехы сынды жеңіл кәсіп арқылы табысқа жетуде. Міне, жаңашылдыққа қадам басып, дамудың жолына түскен ауылдардың қатарында «Қызылөзекте» бар.

Қала іргесіндегі «Қызылөзекте» қы­зу тіршілік. Көркі келіскен ауылдың бе­рекесі ұйыған. Мұны ақжарқын ауыл азаматтарының ақкөңіл, жайдары жү­зінен аңғарасың. Ауылда жағымды жа­ңалық жетерлік. Былтыр ауылдың кі­реберісіндегі «Қожақ автомобиль кө­пірі» жөнделеді делінген. Көпір өт­кен ғасырдың алпысыншы жылдары пай­далануға берілген. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Әбден то­зығы жетіп, қауіпті орынға айналған еді. Осы мәселеге алаңдаған ауыл тұр­ғын­дары шаруаның дер кезінде қара­лып, оң шешімін тапқанына қуанышты.

Қазір «Қожақ көпірінің» жөндеу жұмысына қаржы қаралды. Мердігер «N Строй Сервис» ЖШС мекемесі құ­рылыс-монтаж жұмысын жүргізуде. Сәуір айында басталған жұмыс қыр­күйекте аяқталмақ. Бірақ мердігер құ­рылыс мерзімінен бұрын бітеді деп жоспарлауда. Өйткені дәл қазір жұ­мыстың 70 пайызы орындалып қойған.

«Қызылөзек» 

Ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар ауылдың тыныс-тіршілігінен бөлек, биыл атқарылған ауқымды істер мен алдағы  тың жобалар жайында кеңінен айтып берді.

– Осы жылы тындырымды шаруа көп. Көшелер жөнделіп, жарықтан­ды­рылып жатыр. Көпір жақын күндері пайдалануға беріледі. «Қараөзек» беке­ті­нен балалар ойын алаңы салынады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Қараөзек» ауылындағы «Тағзым ала­ңы­на» жөндеу жұмысы жүргізіліп, ау­ласына брусчатка төселді. Алдағы уақытта алаңның қоршауларын жаңар­ту жоспарланып отыр, – деді ол.

«Қызылөзекке» «Қараөзек», «Ай­накөл» елді мекендері мен «Қараөзек» бекеті қарайды. Мұнда 3500-дей адам тұрады. Жер көлемі – 77 796 гектар. Биыл ауыл бюджеті 723 млн теңгеге жетсе, салық түсімі бойынша жылдық жоспардың 67,4 пайызы орындалған.

Инфрақұрылым – ел игілігі

«Қызылөзекте» инженерлік инфра­құ­ры­лымды дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бір­қа­тар жоба жүзеге асырылуда. Осы кезге дейін өзекті болған мәселенің бірі округке қарасты 3 елді мекеннің электр желілерін қайта жаңғырту жұ­мысы еді.  Қазіргі таңда онда ВЛ-10 кВ электр бағаналары орнатылып, за­ма­­науи СИП (өзін көтеруші оқшау­ланған сым) электр желісі жүргізілуде. Жоба­ны жү­зеге асыруға тиісті қаражат қаралған.

«Қызылөзек» 

Ауылдық ардагерлер кеңесінің тө­рағасы Жиенбай Айдарәлі елдегі оң өзгерістерге көңілі толады. Осы кезге дейін тозығы жетіп тұрған көпірдің  жөнделуі үлкен өзгеріс екенін айтады. Жақын уақытта ел игілігіне берілетін көпір ауыл өмірінің жаңа тынысы деп бағалайды.

– Балалық шағымыз ауылда өтті. Білім алып, елге оралғаннан кейін ин­женер-электрик болып қызмет еттік. Баяғы ауыл көрінісі әлдеқайда өз­гер­­ген. «Елу жылда ел жаңа» деп бекер айтылмаған. Ауыл тірлігі жанда­нып келеді. Жыл өткен сайын мем­ле­кет тарапынан да қолдау артуда. Осы­лайша ауыл әлеуеті көтеріліп, тұрмысы түзелуде. Сапалы, тегіс жол салынып, жарықтандырылуда. Жас­тар­дың білім алуына, елге қызмет етуі­не де мүмкіндік көп. Нәтижесінде олар ауылдың дамуына үлес қосуда.  Шүкір, ауыл азаматтары да аянып қа­лып жатқан жоқ. Туған жерін тү­летуге, өркендетуге ықпал етіп келеді. Жарық мәселесі де кезеңімен шешілуде. Се­бебі, сонау ерте кезде орнатылған қон­дырғылардың тозығы жеткен еді. Қазір электр желілері жаңартылып, қондырғы қойылып жатыр. Мен осы саладан зейнетке шықтым. 2022 жыл­дан бастап ардагерлер кеңесінің төра­ғасымын. Бізге де жүктелген іс көп. Ауыл әкімі үнемі  кеңес мүшелерімен ақылдасып отырады. Иә, «келісіп піш­кен тон келте болмас» деген. Ба­рынша білген-түйгенімізді айтып, ор­таға саламыз. Бәрі де ел қамы үшін ғой. Ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жалғыз тұратын егде кі­сі­лердің де жағдайын назардан тыс қал­дырмаймыз. Жастарға да бағыт-бағдар беріп,  келелі ойымызды айтамыз, – деді ол.

Байқағанымыз, ауыл көшелері реті­мен, түзу орналасқан. Жолдың жайы көңіл көншітеді. Биыл да ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 3 көше жөн­деледі. Атап айтар болсақ, А.Құ­нан­­баев, «Қараөзек бекеті-4» және М.Жа­ба­ғыұлы тұйығы. Сондай-ақ  «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ұзын­­дығы 3 шақырымды құрайтын 2 көше күрделі жөндеуден өтуде. Тұр­ғын­дардың сұра­нысына орай жыл соңына дейін тағы 2 көше жөнделеді. Атап айтар болсақ, М. Жабағыұлы мен Айнакөл 1 көшесін жөндеуге қа­ражат қаралды. Жақын арада ас­фальт төсеу жұмыстары басталады. Кө­шеге түнгі жарық бағаналарын ор­нату да тыңғылықты жүргізілуде. Мә­селен, биыл Қорқыт ата көшесі жарық­тан­ды­рылады.

«Қызылөзек» 

Ауылдық округті газдандыру мақ­сатында қала қазынасынан қаражат бөлініп, ауылға қарасты 3 елді мекенді ілеспе газбен қамту жұмысының жо­ба-сметалық құжаттары әзірленіп, жо­ба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қорытындысы шықса, жобаны қар­жыландыру жөнінде республи­калық бюджетке ұсыныс берілетін болады.

«Қараөзек» елді мекеніне аяқсу жет­кізу үшін «ДСУ» учаскесіне электр желісі жеткізіліп, ауыл әкімі аппа­ратының меншігіндегі жаңа СНПЭ-500/10 электр насостық қондырғысы арқылы ауыл аяқсумен толық қам­тыл­ған. «Орталық» канал бойында орна­ласқан электр насостарының тозуына байланысты былтыр қуаты 18,5 кВт  болатын 1 үлкен және 3 кВт шағын электр насостық қондырғысы сатып алынды. Ауылға қарасты елді мекенді ауызсумен «Қазсушар» ШЖҚ РМК-нің «Сыр суы» филиалы қамтамасыз етеді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға ауызсу желісі жеткізілген, сондықтан мұнда ауызсудан мәселе жоқ.

Ауыл қалаға жақын болғандықтан, қоғамдық көлік уақытылы қатынайды. «Қызылорда автобус паркі» мекеме­сінен «Қызылорда-Қараөзек» бағы­ты­на үлкен сыйымдылықтағы №29 ав­тобус күніне 3 мезгіл жүреді. Бағасы да қалтаға қонымды.

Кәсіп түбі – нәсіп

Қуаныштысы, кейінгі жылдары ай­мақтың көптеген елді мекенінде шағын кәсіпкерлік жақсы дамып ке­леді. Оған елдің тыныс-тіршілігін жа­зып жүргендіктен куә болып отырмыз. Мемлекеттік қолдауды сезінгендер ісін ілгері жылжытып отыр. Ауылда 197 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 162  жеке кәсіпкер, 30 шаруа қожалығы, 4 АӨК  және бір ЖШС бар. Жыл басынан бері 6 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Сондай-ақ 2 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жыл басынан бері 2 азаматтың жобасы қолдау тапты. Бірі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» арқылы 5 млн теңге несие алса, екіншісі «Ауыл аманаты» жобасы аясында қажет қаражатқа қол жеткізді. Кәсіпкер «Тоқылған және трикотаж шұлық-ұйық бұйымдарын өндіру» жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде тігін машинасы мен тоқыма тоқитын құрылғы сатып алып, қыз жасауын дайындап, тоқыма шұлықтар, қолғап, сырт киім шығарып, 3 адамды жұмыспен  қамтып отыр. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2 жоба қаржыландырылған. Жалпы мұн­да кәсіпкерлікті  кеңейткендердің қатары жылдан жылға артуда. Тұрғын­дар нан өнімдері мен азық-түлікті қа­ладан тасымайды. Жергілікті кәсіп­кер­лер цех ашып, ауыл халқын қамтып отыр.

Ауылда кәсіпкерлік тізгінін ұста­ған жастар да көп. Солардың бірі – Әсел  Елешова биыл мемлекеттік бағдар­ламаға қатысып, жеңілдікке ие болды. Бүгінде ол тігін цехын іске қосты. Бала күнінен ине ұстауға икемді болған  ол кәсіби маман атанды. Берекелі ісін кәсіпке айналдырды. Жоғары білім алып, басқа мамандықты таңдаса да ті­гіннен қол үзбеді. Ақыры жаны қа­лаған мамандығын дамытуды көздеп, білімін жетілдірді.

– Ұлттық өнерге деген қызығушы­лық қайта оянды десем болады. Қазір қазақы нақыштағы киімдер сұранысқа ие. Себебі ұлттық киімді заманауи үлгіде ұштастырып, күнделікті киюге лайықтап тігіп жатырмыз. Бұл – қуанар­лық дүние. Біз күздік, қыстық сырт киімдерді, шапан, көйлек, спорттық киімдерді де ою-өрнектермен кесте­леп, сәнін келтіреміз. Кейде тұтынушы талғамына сай тігеміз, – дейді ол.

Ісмердің арманы – ұлттық киімдерді қайта жаңғырту. Сол үшін ол көп ең­бектенеді, ізденеді. Оның құрал-жабдығы да жаңа. Жұмыс істеуіне өте ыңғайлы. Ал жеке кәсіпкер Әліп Ра­хымжан 2018 жылы «Әліп» шаруа қожалығын құрды.  Қазір қожалықта  60-қа жуық сиыр мен 20 шақты жыл­қы бар. Бұдан бөлек, кәсіпкер 2022 жылы органикалық тыңайтқыш өн­діру мақсатында «Сырдария-Көк­ше­тау» не­сие серіктестігі арқылы 7 млн теңге же­ңілдетілген несие алды. Қаражатқа МТЗ-82 трак­то­ры сынды қажетті тех­никаға қол жеткізді. Осылайша кәсіп­кер мал ша­руа­шы­лығымен қатар «Ка­ли­­форниялық шы­­лау­шын» өсіріп, ор­ганикалық ты­ңайт­қыш «Биогумус» өн­дірумен айна­лысып келеді.

Шаруа өндірген өнімін диқандар мен ағаш, жеміс-жидек өсіретін меке­ме­лер мен жеке тұлғаларға саудалайды.

Ауыл шаруашылығы саласына ке­лер болсақ, биыл 476 гектарға дақыл егілген. Диқандар алқап басында. Уақытылы суарып, егіннің бітік шығу қамында жүр. Сондай-ақ мал басы 10 мыңға жуықтады. Оның ішінде МІҚ  3118, қой-ешкі 3768, жылқы 1696,  түйе 612, құс 776 бас.

Халықтың әл-ауқаты әлеуметтік жағдайымен өлшенеді деп бекер ай­тылмаған. Мұнда экономикалық бел­сенді халық саны 1752 адамды құрай­ды. Оның ішінде  1130-ы жұмыс істе­се, 598-і өзін-өзі жұмыспен қам­тып отыр. Мемлекет тарапынан 11 от­басы атаулы әлеуметтік көмек ала­ды. Жергілікті жомарт жандар да тұрмысы төмен отбасыларына қол­дау білдіріп келеді. Кәсіпкерлердің де­меу­шілігімен 21 отбасына азық-түлік таратылған. Ауыл тұрғын­дарын жұмыспен қамтудың   бел­сенді шаралары арқылы 19 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. «Күміс жас» бағ­дарламасына 6, «Жастар тәжі­рибе­сі­мен» 1 адам қамтылды. Ал 17 азамат тұ­рақты жұмысқа орналасты. 

Әлеуметтік саладағы ілгерілеу

Ауылдық округтегі үш орта мек­теп­те барлығы 590 бала білім алады. Бұдан бөлек, №39 мектеп жанын­дағы шағын орталықта 45 бала тәр­бие­ленуде. Балаларды арнайы автобус та­сы­малдайды. Мектеп бітіруші 38 түлектің 33-і ҰБТ-ға қатысуда. Нәти­же де жаман емес. Оның ішінде 4 «Ал­тын белгі» мен 4 «Үздік аттес­татқа» үміткер бар. Сонымен қатар бала­лар­дың жазғы демалысын ұтымды ұйым­дастыру мақсатында бірқатар шара атқарылуда. 

Сондай-ақ ауылдық клуб пен кітапхана есігі қашанда ашық. Клубта 8 үйірме бар. «Әжелер» ансамблі, «Боз­торғай» ән, «Көркемсөз» мәнерлеп оқу, «Жауқазын» би, «Шертпе» дом­быра, «Қолөнер» үйірмесі мен «Орда-kz» ВИА, «Жастар» КТК сынды үйір­мелер жастардың бос уақытын тиімді өткізуге барлық мүмкіндікті қарас­тырған. Кітапхана клуб ғимаратында орналасқан. Кітап қоры – 13433 болса, оқырман саны – 815. Онда интернет желісі тартылған. Жаңа кітаптармен толығып отырады. Клубта түрлі іс-шаралар мен байқаулар тұрақты ұйым­дастырылып келеді.

Ауылдық округтегі дәрігерлік амбу­латория және 2 медициналық пунктте 2 дәрігер және 10 медицина қызметкері тұрғындарға қызмет көр­сетеді. «Айнакөл» және «Қараөзек» бекеттеріндегі медициналық пункттер 2011 жылы пайдалануға беріл­ген, «Қа­­­ра­өзек» ауылындағы жаңа дә­рі­гер­лік амбулатория мемлекеттік-же­ке­­мен­шік әріптестік аясында 2020 жылы салынды. Мұнда тұрғындар үшін қажетті ме­дициналық көмектің бәрі қарас­тырылған. Дәрігерлер егде жастағы кісілер мен балаларға, мүмкін­дігі шектеулі азаматтарға үй-жайына барып, медициналық көмек көрсетеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»