Кейінгі жылдары келбетті ғимараты көбейген облыс орталығы өзімізді ғана емес, келген көп қонақтың көз қуанышына айналғандай. Шаһардағы мұндай жаңашылдыққа жұрт риза. Тұрғындарға ең керекті құрылысты жүргізген жергілікті билік алдымен білім ордаларын, емхана мен медициналық орталықтарды тұрғызуда. Сондай-ақ мәдени ошақтар, алып стадион мен демалыс орындары, қысқасы, сан түрлі нысан сапалы салынуымен қуантып тұр. Ал осының ішінде Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы тағы бір үлкен құрылыстың жөні бөлек.
Оның құрылысы былтыр жазда басталды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құны – 20 млрд теңге.
Қазір бас мердігер «Aspan Holdings» ЖШС 2,1 гектар жерді арнайы қоршауға алған. Құрылыс басы қызу еңбек. Мұнаралы кран тұмсығы әрлі-берлі қозғалып, жоғары қабатқа қажеттіні көтеруде. Қауіпсіздік баскиімін киген құрылысшылардың бір тобы бағандардың арматураларын тоқыса, енді бір тобы төменгі қабаттың қабырға бөліктерін өріп жатыр. 9 блоктан тұратын спорт кешенінің кейбір аумағы ауыр металл бөліктерінен де құрастырылуда.

– Ғимараттың құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтап, ел игілігіне табыстау жоспарлануда. Ал спорт кешенінің ішін айтар болсақ, алдымен олимпиадалық стандарттарға сай бассейн қарастырылған. Одан бөлек, кіші футбол залы, баскетбол, волейбол алаңдары бар. 150 орынға арналған конференц-зал да болады. Нысанның жалпы қуаттылығы 2252 орынға арналған, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Қуандық Іскендір.
Оның сөзінше, аталған жобадағы негізгі мақсат – аймақта заманауи спорт инфрақұрылымын құру, яғни ғимаратта түрлі деңгейдегі республикалық және халықаралық ауқымды іс-шараларды өткізуге болады. Бұл – өңірдегі азаматтардың спорттық дайындық деңгейін арттыруға, түрлі жарыстар өткізуге және бұқаралық спортты дамытуға үлкен қолдау.
– Қазір құрылыс алаңында қарқынды жұмыс тоқтаған жоқ. Нысан басында 200-ден аса адам жұмыс істейді. Қажетті техника күші мен құрылыс материалдары толық жеткілікті. Жалпы жоспар бойынша жұмыстың 60 пайызға жуығы аяқталды. Бүгінде монолитті колонналары мен ригельдерін құйып, қажетті бөліктеріне кірпіш қаланып жатыр. Сонымен қатар, металл құрылымдары орнатылуда, қосымша әрлеу жұмыстары мен ішкі инженерлік жүйелері де жүргізілуде, – дейді мердігер мекеменің жоба жетекшісі Қайрат Есенкелдіұлы.

Ал көпфункционалды кешеннің сыртқы электрмен жабдықтау, жылу, ауызсу мен кәріз желілері, байланыс жүйелері бойынша жұмыстардың 90 пайызы біткен. Модульдік-трансформаторлық қосалқы станцияларды, дизельдік генератор қондырғысы және модульдік қазандықты орнату жұмыстары да аяқталған.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»






