Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша орын алатын іргелі саланың бірі – білім саласы. Оның айқын көрінісі, облыс бюджетінің 60 пайызы осы салаға бағытталады. Өйткені бүгінгі жас ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған жағдай – болашаққа салынған инвестиция деп бағалауымыз керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жас ұрпақтың заман талабына сай жан-жақты білім алуына бағытталған бірқатар маңызды құрылыс салынды. Нақтырақ айтсақ, облыста 2022-2025 жылдары 42 білім нысаны пайдалануға берілген.
Айталық, 2022 жылдың өзінде 8 нысан: 1100 орындық 3 мектеп, 300 орындық дарынды балаларға арналған 2 мектеп-интернат, 230 орындық 2 балабақша, 250 орындық 1 қосымша білім беру ұйымы жұмысын бастаса, 2023 жылы 850 орындық 2 мектеп пен 1850 орындық 4 мектепке қосымша ғимарат құрылысы табысталды.
Сала бойынша қарқынды құрылыстар жүргізілген 2024 жылы 13 нысан бой көтерген екен. Оның қатарында 960 орындық 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат, Қызылорда қаласындағы 350 орындық «Оқушылар сарайы» мен Жаңақорған ауданындағы 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ел игілігіне берілді.
Өткен жылы 550 орындық 2 мектеп бой көтергенін білеміз. Оның бірі – «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласының сол жағалауынан бой көтерген 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық облыстық физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернат. Мұнда білім беру әдісі мемлекеттік стандартқа сай, айырмашылығы – жаратылыстану пәндерінің барлығы ағылшын тілінде оқытылады. Бүгінде білім беру ұйымында 8 сынып бойынша 200 бала бар, оларды 24 педагог оқытуда.
Білім саласындағы тағы бір айрықша атап өтуге лайықты нысан: қаланың көрнекті жерінен бой көтерген құны 11 млрд теңгені құрайтын 500 орындық «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы. Мемлекет басшысы өңірге келген сапарында заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін шығармашылық академиясында болып, жас ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған байыпты жұмысқа оң бағасын берді.
Былтырғы жылы сол жағалауда пайдалануға берілген Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі ғимараты да ерекше көз тартатын сәулетті архитектуралық туындылардың бірі. Бұдан бөлек, Шиелі ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, бүгінде оқушыларға білім беруде. Айта кетейік, салада қолға алынған қарқынды құрылыстармен қатар 2022 жылдан бері 21 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілсе, 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтеріп, нәтижесінде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
2022-2025 жылдары «Қазақстан халқына» қоры арқылы ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде 2 млрд теңгеге 8 мектеп интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталды. Бүгінгі күні аталған қор арқылы облыс көлеміндегі 58, оның ішінде 8 шағын жинақты мектепті физика, химия, биология пәндік кабинеттерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.
Білім саласына деген осындай қолдаудың нәтижесінде Ұлттық бірыңғай тестілеуде аймақ түлектері республикада екі жыл қатарынан үздік атанып, ЖОО-ға бөлінген мемлекеттік грантты иемдену бойынша да республикада бірінші орынға шықты. Бұдан бөлек, Worldskills Kazakhstan–X республикалық чемпионатында қызылордалық жастар 1 күміс, 5 қола медаль және 5 үздік маман медальонын иеленді. Сондай-ақ «Математикалық регата – 2025» республикалық байқауында облыс командасы бірінші орынды жеңіп алды.
Осы кезеңде аймақ ұстаздары да «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері», «Мектепке дейінгі ұйымының үздік педагогі», «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы», «Үздік авторлық бағдарлама», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Математикалық регата», «Үздік педагог – 2025» аталымдары бойынша республикалық конкурстарда абырой биігінен көрінді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






