Қазақ футболының ардагері Сұлтан Әбенов 71 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Қызылорда футбол мектебінің түлегі алғаш рет 17 жасында «Автомобилист» командасының сапында жасыл алаңда жарқылдап, жанкүйерлердің жүрегін жаулады.
Сұлтан Мұрашұлы қызылордалық команданың қатарында КСРО чемпионатында 100-ден астам ойын өткізіп, 33 гол соқты. Сонымен қатар алматылық «Қайраттың» сапында ойнады.
Ойын мансабын аяқтаған соң «Қайрат» командасын басқарды. Әрі қарай партия мен дипломатия қызметіне ауысып, әр жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Парламент Мәжіліс аппараты жетекшісінің орынбасары, ҚР Президент әкімшілігінде қызмет атқарды.
Қазақстан футбол федерациясы марқұмның туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Отандық футбол жанкүйерлерінің жадында Сұлтан Әбенов туралы естелік мәңгі сақталмақ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<