Өткен жылы Қызылорда облысындағы 3 кәсіпорында 5 жұмысшы үшін 2,8 млн теңге жалақы қарызы болған.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті жыл ішінде берешек толық өтелгенін мәлімдеді.
— Қазіргі күні жергілікті кәсіпорындарда ағымдағы және ұзақ мерзімді жалақыға қарыз мәселесі жоқ, — деді департамент басшысы Бектемір Жұмағұлов.
Былтыр ұжымдық дау туындау қаупі пайда болған 8 кәсіпорында мониторинг жүргізілді.
— Наразылықтардың негізгі себебі — жалақыны көбейту, еңбек жағдайын жақсарту және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге кәсіптік зейнетақы жарнасының төленбеуі. Құзырлы органдармен бірге шұғыл әрекет ету нәтижесінде кәсіпорындардағы ахуал тұрақталды. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, мәселені заң аясында түсіндірдік, — деді департамент басшысы.
Бұл салада да цифрландыруға және барлық процестің ашықтығын арттыруға басымдық беріліп отыр. Өткен жылы жоспарға сәйкес 785 кәсіпорынның ұжымдық шарттары цифрландырылып, 6838 кәсіпорындағы 132 325 адамның еңбек шарттары бірыңғай жүйеге енгізілді.






