Қызылорда облыстық ауруханасында 10 мыңға жуық ота жасалды

56

0

Фото: Көпбейінді Қызылорда облыстық ауруханасы

Көпбейінді Қызылорда облыстық ауруханасында жоғары технологиялық медициналық көмектің бірнеше түрі көрсетіледі.

Аурухананың баспасөз қызметі хабарлағандай, өткен жылы мұнда 20 мыңнан астам науқас ем қабылдады. 1 бауыр, 5 бүйрек трансплантациясы жасалды. Дәрігерлер жуырда ғана облыста алғаш рет бір күнде үш науқастың бүйрегін ауыстырып, олардың өмірін сақтап қалды. Сондай-ақ былтыр ауруханада 10 мыңға жуық ота сәтті орындалды.

— Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықты. Сонымен қатар медициналық мекеменің 5 дәрігері Германия, Ресей және Беларусь мемлекеттерінде біліктілігін арттырды, — делінген хабарламада.

Аурухананың акушерлік бөлімінде бір жылда 1677 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 36 егіз және 1 үшем бар. Ал жансақтау және жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінде 623 нәрестеге медициналық көмек көрсетілді. 

Айта кетейік, Қызылорда облысында соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына 441 млрд теңге бөлінген.