Қызылорда облысынан өтетін магистральдық темір жол желісінің жалпы ұзындығы 1051,7 км.-ді құрайды және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ қарасты 8 темір жол вокзалы (Қызылорда, Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі, Сексеуіл), сонымен қатар 2 қызмет көрсету пункты (Тереңөзек және Жалағаш) бар.
Биылғы жылы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің айрықшы қолдауымен, республика көлемінде және облысымыздың барлық темір жол вокзалдары мен вокзал маңы аумағын күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу қолға алынып, жалпы саны 125 вокзалдың жөндеу жұмысын бір мезгілде бастап, бір жылда аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда барлық аудандарда, сондай-ақ Төретам және Сексеуіл темір жол вокзалдарында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жаңғырту және қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында қолға алынған.
Жөндеу барысында вокзал ғимараттарының сыртқы және ішкі келбеті жаңартылып, күту залдары, билет сату орындары және санитарлық тораптар заманауи талаптарға сай қайта жабдықталуда. Сонымен қатар инженерлік желілер толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінуде.
Аталған жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін темір жол вокзалдарының қызмет көрсету сапасы артып, тұрғындар мен қонақтар үшін анағұрлым ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады деп күтілуде.





