Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының аппарат басшысы тағайындалды

903

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында жаңа тағайындау туралы хабарлады.

Қордабай Нұрғали Рахымшаұлы Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының аппарат басшысы лауазымына тағайындалды.

«Нұрғали Рахымшаұлы Сіздерге жақсы таныс, мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өтіп, лауазымды қызметтер атқарған тәжірибелі, іскер басшы. Әр жылдары мемлекеттік кірістер органдарында жетекші маманнан бастап, басқарма басшысы, департамент басшысының орынбасары болып абыройлы қызмет атқарды. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер көлемінің артуына өзіндік үлесін қосты. Нұрғали Рахымшаұлының жаңа қызметіне сәттілік, ел мүддесі жолындағы еңбегіне табыс тілеймін», – деді аймақ басшысы.

Н.Қордабай 1976 жылы туған. Қызылорда политехникалық институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқық» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы «Дәнекер» АҚ бухгалтері ретінде бастаған. 1999-2015 жылдары Қызылорда облысының салық органдарында жауапты басшылық қызметтер атқарған. 2015-2016 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі. 2016-2018 жылдары Қызылорда облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап экономика және қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<