8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаментінің әйел қызметкерлері арасында «Макаров» тапаншасынан атудан жарыс өткізілді.
Іс-шара Қызылорда облысы Полиция департаментінің Оқу-жаттығу полигонының спорт кешеніндегі ату тирінде ұйымдастырылды.
Сайыстың негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында қызметтік-қолданбалы спортты, оның ішінде қызметтік қарудан атуды кеңінен дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және әскери-қызметтік даярлық деңгейін арттыру.
Сайыстың ашылу салтанатында ішкі істер органдарының ардагерлері және Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Оралбек Омаров қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
Жарыс Арнайы және кәсіби даярлығы басқармасы мен «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Турнирге барлығы 15 команда қатысты.
Қырағылықты, дәлдік пен ептілікті талап ететін сайыста қатысушылар жоғары дайындықтарын көрсетіп, атудан шеберліктерін сынға салды. Нәтижесінде үздік атанған мергендер анықталды.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Қызылорда ҚПБ, ІІ орынды ПЖҮБ, ҚҚБ, ІІІ орынды ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігі иеленді.
«Үздік мергендер» болып Қармақшы аудандық полиция бөлімінің қызметкері Серікбайқызы Ақнұр, Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкері Шотаева Зура және Сырдария аудандық полиция бөлімінің қызметкері Нағашыбай Нұрсулу танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және кубоктармен марапатталды.
Аталған іс-шара әйел қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға, жауынгерлік дайындығын шыңдауға және ұжым арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.






