Қызылорда облысында бірінші сортты ұн бірден 35,2%-ға қымбаттады

492

0

Фото: Кazinform

Қызылорда облысында бірінші сортты наубайханалық ұн 35,2%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Kazinform.

Сыр өңірінде табиғи-климаттық ерекшілігіне сәйкес азықтық астық өндірілмейді. Сол себепті ұн еліміздің бидай өндіруші өңірлерінен тасымалданады.

«Облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында ұн Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан жеткізіледі. Қыркүйек айының екінші онкүндігінде елімізде ұн бағасының өсуі байқалады. Мұндай жағдай Қызылорда облысында да көрініс берді. Облыста көтерме ұн жеткізушілердің қоймасында І сортты наубайханалық ұн 170 теңгеден сатылған еді. Енді ол 35,2%-ға қымбаттап, 230 теңгеге жетті», – деп мәлім етті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан.

Облыста бірінші сортты бидай ұны мен әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорына Қостанай облысының «Қазақ ұны» ЖШС-мен келісі 128 теңгеден 4 760 тонна ұнға келісімшарт жасалған. 

«Бүгінде осы көлемнен 1 451,7 тоннасы жеткізіліп, наубайханаларға 128 теңгеден таратылып жатыр. Тұрақтандыру қорына әлі де жеткізілетін 3 308,3 тонна ұн бар. Бұл өз кезегінде нан бағасын тұрақты ұстауға мүмкіндік береді деп жоспарлануда. Облыстың 7 ауданы және қаланың қоймаларында наубайханалық ұн 618 тоннаны құрап отыр.

Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ және облыс әкімдігі тарапынан өңірге 3 631,8 тонна астық көлемін бөлу жөнінде меморандумға қол қойылды. Облыс нарығында бірінші сортты бидай ұнына тапшылық байқалмайды», – деп атап өтті басқармадан. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<