Қызылорда облысында екі магистральдық канал тазаланды

7

0

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Вегетация кезеңіне дайындық аясында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы Шиелі ауданындағы Р-12 және О-2 магистральдық каналдарын механикалық әдіспен тазалау жұмыстарын толық аяқтады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Атап айтқанда, Р-12 каналында ұзындығы 3,6 шақырым болатын учаске тазартылып, 48,6 мың текше метр топырақ шығарылды. Ал О-2 каналында ұзындығы 3,8 шақырым учаске тазартылып, 26,9 мың текше метр топырақ қазылып алынды. Сонымен қатар Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» каналын тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін жоспарланған 15,9 шақырымның 13,7 шақырымы тазартылып, 147,5 мың текше метр топырақ шығарылды. Нысанда 20 техника жұмылдырылған: 13 экскаватор, 5 тиегіш және 2 бульдозер.

– Тазалау жұмыстарын вегетация кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюы туралы болжамдарды ескере отырып, филиал кешенді шараларды қолға алды. Атап айтқанда, Шиелі және Қармақшы аудандарындағы каналдарға сорғы станцияларын орнату үшін жобалау-сметалық құжат әзірленуде. Қазір жобаларды мемлекеттік сараптамаға ұсынуға дайындық жүргізіліп жатыр,– деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Нажмадин Шамуратов.

Айта кетейік, Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленді.