Қызылорда облысында «Ішімдіксіз ауыл» қатары артып келеді

7

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Сыр өңірінде «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Бүгінде өңір бойынша алкоголь өнімдерін тұтынудан және сатудан толықтай бас тартқан 37 елді мекен тіркелген.

Аталған бастама тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етуде.

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында бұл игі бастамаға 13 ауыл қосылды. Атап айтқанда Таң, Еңбек, Есет батыр, Т.Жүргенов, Жаңаталап, Мырзабай ахун, Шәменов, Аққұм, Ақсу, Аққыр, Бұқарбай батыр және Жаңадария, Қаракеткен елді мекендерінің тұрғындары алкоголь өнімдерінен толықтай бас тарту туралы ортақ шешім қабылдады.

Шешім жергілікті қауымдастық, Ақсақалдар кеңесі және құқық қорғау органдарының қатысуымен өткен кездесулер барысында қабылданды. Жиындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Бастама «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылуда.

Қызылорда облысында «Ішімдіксіз ауыл» қатары артып келеді
Фото: Qyzylorda PD

Ауыл кәсіпкерлерінің айтуынша тұрғындардың ортақ шешімін қолдау мақсатында сауда орындарында алкоголь өнімдерін сату тоқтатылған. Бұл қадам ауылдағы тыныштықты сақтауға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Өз кезегінде учаскелік полиция инспекторы мұндай бастамалардың қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша тәжірибе көрсеткендей алкогольден бас тартқан ауылдарда құқық бұзушылықтар мен тұрмыстық жанжалдар айтарлықтай азаяды.

Бүгінде Жалағаш ауданындағы бірқатар ауылдық округтерде қылмыс тіркелмеген. Бұл тұрғындардың ауызбіршілігі мен саналы таңдауының нақты нәтижесі.

Жалпы «ішімдіксіз ауыл» бастамасы – қоғамның жауапкершілігі мен бірлігін көрсететін маңызды қадам. Мұндай игі істер өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болады.