Қызылорда облысында күйеуі әйеліне бір бүйрегін берді

2197

0

Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Қызылорда облысында бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан әйеліне күйеуі бір бүйрегін берді. Соңғы екі күнде Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында бүйрек жеткіліксіздігі жағдайына байланысты күрделі екі ота жасалды. 

«Қызылордалық 58 жастағы азамат өзінің 49 жастағы әйеліне бір бүйрегін берді. Екеуінің де қаны бірінші топта, денсаулық жағдайы өзге де талаптарға сай келген. Сондай-ақ, 46 жастағы әйелге 32 жастағы туған бауыры бір бүйрегін берген. Екеуі де созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан. Бірі жасанды бүйрек аппаратымен үш жылға жуық ем алып жүрген» деп мәлім етті Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасынан.

Отаға көпбейінді облыстық аурухананың директоры, PhD доктор, трансплантолог Жасұлан Баймаханов, А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының білікті дәрігерлері және өзге де тәжірибелі мамандар қатысты.

Бірнеше сағатқа созылған екі ота да сәтті өтті.

Қызылорда облысында күйеуі әйеліне бір бүйрегін берді

Білікті мамандар тәжірибесін еліміздегі өзге өңір дәрігерлерімен онлайн түрде «Бүйрек трансплантация» атты шеберлік сағатында бөлісті.

Айта кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында облыста алғаш рет бүйрек ауыстыру отасы жасалған еді.

Оны А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың басшылығымен қызылордалық дәрігерлер сәтті атқарып шықты.

Елімізде 2011 жылдан бері бүйрек және бауыр трансплантациясы кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 1 000-ға тарта ота жасалды. Оның 700-і бүйрекке қатысты болса, қалғаны – бауыр трансплантациясы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<