Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2025 жыл қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды жария етті. Өңірімізде мемлекеттік аппаратты жаңғырту, кадрлық әлеуетті нығайту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.
Кадр тұрақтылығы: Сыр өңірі республикада көш бастап тұр
Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 3 245 адамды құрайды. Департаменттің жүйелі жұмысының нәтижесінде өңіріміз кадр тұрақтылығы бойынша республикада 1-ші орынға ие болды. Бос лауазымдар саны небәрі 1,8%-ды құрап, кадрлардың кету көрсеткіші жоспарланған 6%-дың орнына 3,6% деңгейінде сақталды.
Кадрлық құрамның сапасы да жоғары: қызметшілердің 95,3%-ы жоғары білімді болса, әрбір төртінші маман (24,2%) – 35 жасқа дейінгі жастар. Сонымен қатар, басшылық лауазымдағы әйелдер үлесі 20,1%-ға жетті.
Меритократия және Президенттік резерв
2025 жыл Сыр жастары үшін жемісті болды. Президенттік жастар кадр резервіне (ПЖКР) өңірімізден 3 жас маман іріктеліп, үздік 50 резервшінің қатарына енді. Бұл – аймақ тарихындағы алғашқы жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, меритократия қағидаты аясында ішкі конкурстар арқылы жұмысқа қабылданғандардың 68%-ы жоғары лауазымдарға тағайындалды.
Академияны үздік бітірген 2 түлек пен мемлекеттік грантпен оқыған 14 жас маман конкурстан тыс төменгі және басшылық лауазымдарға орналасты.
Әдеп және бақылау: Қызметші құқығы басты назарда
Департамент тек талап қоюшы емес, сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғаушы орган ретінде де белсенді. Жыл бойы жүргізілген мониторинг нәтижесінде 365 қызметшінің үстеме жұмыс істегені анықталып, олардың құқықтары қалпына келтірілді (653 демалыс сағаты берілді).
Әдеп жөніндегі кеңестің 10 отырысы өтіп, профилактикалық бағытта 180 ұсыныс енгізілді. Қазан айында Қызылорда қаласында алғаш рет Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер: Цифрландыру белесі
Облыс бойынша жыл ішінде 6 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызметтердің 98,8%-ы электронды форматқа көшті.
Департаментке қызмет сапасына қатысты түскен 91 өтініштің әрқайсысы мұқият тексеріліп, нәтижесінде 735 азаматтың бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мақсатында Агенттікке 106 нақты ұсыныс жолданды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында облыста 85 іс-шара ұйымдастырылып, әлеуметтік тапсырыс аясында 10 жоба іске асырылды. Квазимемлекеттік сектордағы тәуекелдерге талдау жасалып, 360 олқылықты жою бойынша тиісті органдарға нұсқаулар берілді.
«Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметтің сервистік моделін қалыптастыру, кадрларды іріктеуде ашықтықты қамтамасыз ету және халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайту», – дейді Департамент мамандары.
Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі






