Қызылорда облысында мұғалімдер тобы сотталды

81

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қызылорда облысында мектеп мұғалімдері мен бас есепші қатысқан ірі көлемдегі қаржы жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті анықтаған бұл іс көптеген сұрақтардың бетін ашып, ауыл мектебіндегі «тыныш» ортада жылдар бойы жалғасқан заңсыздықты әшкереледі.

Тергеу мәліметінше, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылдық мектебінің бас есепшісі Айнұр Ералиева, мектеп директорының ЭЦҚ-сын пайдаланып, өкілеттігін теріс қолданған. Ол алдын ала сөз байласқан мұғалімдермен бірге 2022–2024 жылдар аралығында 42,5 миллион теңгені жымқырған.

Бұл қаржының мектеп ішінде қалай «үлестірілгені» де анықталған:
М.Айжігіт, А.Жарықбаева, Ж.Өтепбергенова, А.Нұрмуханова, Г.Баймағамбетова және Г.Жомарт заңсыз әрекетке қатысып, өзара қаражат бөліскен. Ал Айбол Таупиқов қаржыны жасыру мен таратуға көмектескен.

Сот үкімі:

  • Айнұр Ералиева – 7 жыл бас бостандығынан айыру.
    Бірақ кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жаза 5 жылға кейінге қалдырылды. Сондай-ақ 10 жыл бойы қаржы және бухгалтерия саласында жұмыс істей алмайды.
  • Айбол Таупиқов – 7 жыл шартты жаза (ҚК 63-бабы).
  • Қалған алты мұғалімге – 2 жылдан 2 жыл 4 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Мемлекетке келген залал толықтай сотталушылардан өндірілетін болады.