Қызылорда облысында прокуратура инвесторды негізсіз салынған айыппұл төлеуден босатты

144

0

Фото: Kazinform

Қызылорда облысында прокуратура инвесторды негізсіз салынған 112 млн теңге айыппұл төлеуден босатты.

Облыстық прокуратура бастамасымен инвесторларды қолдауға назар аударылып отыр. Сол арқылы аймақта полиметалл кенін өнеркәсіптік игеру жобасын жүзеге асырып жатқан «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ-на жеке сот орындаушылар тарапынан негізсіз қозғалған атқарушылық іс тоқтатылған.

– Аталған инвесторға «Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында Табиғи монополияларды реттеу департаменті 19 әкімшілік іс негізсіз қозғағаны анықталды. Іс жүргізуді тоқтату нәтижесінде инвестор 112 млн теңге айыппұл төлеуден босатылды. Инвесторлардың құқығын бұзғаны үшін әртүрлі деңгейдегі 9 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды, – деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.

Былтыр прокуратура тарапынан маңызды инвестициялық жобаларды қолдауға назар аударылды. Сол арқылы 24 инвесторға ауқымды көмек көрсетілді. Оның ішінде Түркия және Қытай елдерінің инвесторлары бар. 

– Атап айтқанда, қытайлық инвестор «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» бір жылдан аса уақыт бойы цемент зауытының санитариялық-қорғаныш аймағын белгілей алмаған. Инвестор тарапынан айтылған уәждері уәкілетті органдармен қолдау тауып, санитариялық қағидаға тиісті өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде аталған компанияның санитариялық-қорғаныш аймағы қысқартылып, жобаға санитариялық-эпидемиологиялық оң қорытындысы алынды. Қазір зауытта 400-ден астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Өз өнімдерін шығарып, еліміздің көптеген өңіріне жібереді, – деп толықтырды облыстық прокуратурадан. 

Ведомство мәліметінше, полиметалл кендерін өнеркәсіптік игеру бағытталған бу-газ құрылғысының құрылысы бойынша жобаны кеңейту үшін «Акса Энерджи» түрік инвесторына қосымша жер берілген.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда қаласының прокуратурасы алимент бойынша берешек кейбір борышкердің букмекерлік кеңселерде ақшаға бәс тігіп жүргенін анықтады. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<