Қызылорда облысында құрылыс қарқыны жоғарылай түсті

571

0

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорда облысында алдағы уақытта 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй салынады. Бюджет қаражаты есебінен салынатын құрылыстардың жалпы құны – 14,3 млрд теңгеге жуық, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді», – деп атап өткен болатын. Халықты баспанамен қамту еліміз үшін негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда.

Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі оң шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмір сүруінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты болады.

Қызылорда облысында құрылыс қарқыны жоғарылай түсті

Бүгінде Қызылорда қаласы мен елді мекендердің келбетіне көрік қосатын әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алған. Олардың барлығы көпшіліктің көңілінен шығатын көрікті ғимараттар ретінде халықтың көзайымына айналып үлгерді. Сондай-ақ, сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 10 мектеп ел игілігіне табысталып, тағы 11-нің құрылысы басталды. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» салынады.

Өткен жылы «Отбасы орталығы» және «Анаға тағзым» орталығы өз қызметін бастады. Жақында 1000 орындық «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылса, сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жаңадан салынып жатқан «Қан орталығы» медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталып, қазір 30 мыңнан астам халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.

Алдағы уақытта облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес «Орталық стадион» (20,9 млрд теңге) және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені (6,8 млрд теңге) ел игілігіне табысталады. Оған қоса құны 2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды. Жақын күндері заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға беріледі.

Инвесторлардың қолдауымен 37 млрд 600 млн теңгенің жобалары іске асуда. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынуда. Жоба құны – 20 млрд теңге, жаңа терминал осы жылы пайдалануға беріледі. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы қарқын алды. «Саутс Ойл» компаниясы 650 орындық музыкалық колледж ғимаратының құрылысын бастады.

Биыл 7 ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін, құны 11,5 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда.

Құрылыс – ел экономикасы өсімінің басты драйвері. Ол құрылыс саласы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор ықпал етуде. Кейінгі жылдарда облыста әлеуметтік маңызы зор нысандардың бой көтеруін халықтың жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосып келеді. Алдағы уақытта осындай ауқымды жұмыстар жалғасын таба беретіні анық. Бұл бағытта көптеген жаңашыл жобалардың жүзеге асуы көпшіліктің көңілінен шығып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<