Қызылорда облысында қызылша ауруының 37 жағдайы тіркелді

562

0

2023 жылдың 18 шілдесіндегі жағдай бойынша Қызылорда облысында лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 37 жағдайы тіркелді, оның ішінде 81 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды, 19 пайызы ересек тұрғындар арасында тіркелген.

Қызылша ауруына шалдыққандардың басым бөлігі қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 51,3 пайызын құрады. Науқастар арасында қызылшаға қарсы вакцинацияның болмау себептері келесідей: медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты – 26,3 пайыз, егілетін жасқа жетпегендер – 42 пайыз және жоспарлы вакцинациядан бас тартқандар – 32 пайыз. 11 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз.

Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамнан адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыру қаупі өте жоғары.

Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақтылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеу керек.

Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақтылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жіргізіледі. Балаларға қызылшаға қарсы алғашқы егу 1 жасында және қайта егу (ревакцинация) 6 жасында жасалынады.

Індеттік көрсеткішке сәкес вакцинация науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі егілмеген ( егілмеген, толық егілмеген, егу сатусы белгісіз) азаматтарға қызылшамен ауырған науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.

Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеруді ұсынады. Егер балаңыз қызылшаға қарсы егілмеген болса, екпе алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі емханаға хабарласыңыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<