Қызылорда облысында суға батып кеткен ер адамның денесі 4 жылдан кейін табылды

949

0

2018 жылы желтоқсанда танысымен бірге Қызылорда облысындағы Пригородный ауылы маңындағы Қараөзек каналына көлікпен құлап, батып кеткен ер адамның денесі табылды. Құтқарушылар оны оқиға орнынан 50 шақырым жерден тапты. Туыстары киімдерінен марқұмды таныды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қайғылы оқиға 2018 жылы 17 желтоқсанда болған. Марқұмдар фазендадан келе жатқан. Күн бұзылып, олар жолды көрмеген. Сөйтіп, көлік Қараөзек каналына құлап кеткен. Жұқа мұз жарылып, көлік жүргізушісі жолаушымен бірге су астына батып кеткен.

«Көлік дәл сол күні табылды, жүргізушінің денесі алты ай өткен соң табылды. Бірақ ол кезде 1973 жылы туған жолаушының денесін табылмады. Іздеу біраз уақытқа созылды, бірақ кейін тоқтатылды», – деді Қызылорда облысы ТЖД өрт сөндіру және апат-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Жақында құтқарушыларға жоғалған ер адамның туыстары жүгінген. Олар суға батып кеткен туысының аяқ киімін тапқанын айтқан. Осылайша, іздеу жұмыстары қайта басталған.

«20 мамырда құтқарушылар 9 сағат бойы қайықпен суға батып кеткен ер адамның денесін іздестірді. 13.45-те көлік құлаған тұстан 50 шақырым жерде екі метр тереңдікте дене бөліктері мен киім қалдықтары табылды. Туыстары марқұмды таныды», – деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.

Еске салайық, жыл басынан бері облыстың су айдындарында 8 адам суға батып кеткен болатын, оның төртеуі – бала.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<