Қызылорда облысында сыныптастармен бір көшенің тұрғындары сайлауда бірліктің үлгісін көрсетті

151

0

Фото: Сайлау комиссиясы

Бүгін Қызылорда өңірінің 2 ауылында әкім сайлауы өткізілуде.
Қармақшы ауданының Қуандария ауылдық округінің халқы демократия жолымен өз ауылдық округінің әкімін тікелей сайлау арқылы үлес қосуға дайын екендіктерін білдіруде.

Ауылдық округте барлығы 412 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Қуандария жұрты 4 жыл мерзімге сайланатын ауыл әкімі үшін таңдау жасап, сайлау учаскесіне ауызбіршілікпен келуде. Жексенбілік демалысқа қарамастан, Ідіріс Мырзақұлов көшесінің және Жастар көшесінің тұрғындары сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Олар әрбір сайлау науқанына ұйымдаса келуді әдетке айналдырған.

Сайлау сыныптастардың да басын біріктірді. Мектеп бітіргеніне 48 жыл және 37 жыл болған түлектер науқанға топтаса келіп, дауыс берді. Олар ауыл өмірі үшін маңызды кезеңде қадам жасап, дауыс беруден аянып қалмай, ауызбіршіліктің жоғары үлгісін көрсетті.

– Биыл мектеп бітіргенімізге 48 жыл толды. Сыныптастар ретінде бұрыннан маңызды істерде бірігіп іс жасайтынбыз. Қазақ “біріккен білек жер қопарады” деген. Сайлауға келіп, өз өлкеміздің әкімі болуға ниетті азаматқа дауыс беріп, келешек үшін қадам жасадық, – дейді сайлаушы Қаламқас Телебаева.

Сырдария ауданының халқы жексенбілік демалыста ауыл өмірін жақсартуға үлес қосып, азаматтық жауапкершілікті арқалай келе сайлау процесіне қатысуда.

Сырдария ауданының Аманкелді ауылдық округінде өтіп жатқан сайлау процесіне таңнан бері дауыс беруге асыққан азаматтардың үлесі басым.

Округте 1545 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Олардың арасында ең алғаш болып келген азаматтарға учаскелік комиссия тарапынан сыйлықтар үйлестірілді.

Ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде 3 азамат үмітті. Олардың бәрі де өзін-өзі ұсыну тәртібімен бақ сынауда. Кандидаттардың орташа жасы – 42 жаста.

Айта кетейік, 07.00-ден басталған дауыс беру кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.

Қызылорда Облыстық Сайлау Комиссиясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<