Қызылорда облысында туристік әлеуетті арттыруға көңіл бөлінді

367

0

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорда облысында өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осының нәтижесінде былтыр аймаққа 117 мыңға жуық туристер келді.

Биыл өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданды. Сәуір айында Сыр өңіріне арнайы келген Еуроодақ елшілері инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Аймақтың туристік тартымдылығын арттыру бағытында «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы аяқталды. жаңа автовокзал пайдалануға берілді. Сондай-ақ, туристер тасымалына қолайлы жағдай жасау үшін 100 экотакси сатып алу жоспарланған.

Өткен жылдың қорытындысына қарағанда, ішкі туристер саны 113 мың, сыртқы туристер саны 3980 адамға жеткен. Облыста 4195 орынға лайықталған 150 орналастыру жайы бар. 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 112,8 пайызға артты.

Бүгінде заманауи ақпараттық технологиялар арқылы Қызылорда облысының ескерткіштерімен танысу үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Облыста 150 тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы қамтылған арнайы сайт (www.virtualmap.xyz) қолданысқа енгізіліп, 150 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылған.
Сыр өңірінде тарихи қалалар, ескерткіштер мен орындар өте көп. Олардың қатарында Қорқыт ата ескерткіші, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқай, Сыр сүлейі Кердері мен ғұлама Тұрмағамбет, ақын Әбділда мен Нартай, танымал жазушы Әбдіжәміл мен Қалтай секілді көптеген тұлғалар бар.

Қызылорда облысында туристік әлеуетті арттыруға көңіл бөлінді

Түбі бір түркі жұрты Сыр топырағына қадам басқанда Қорқыт ата ескерткіш кешеніне келеді. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырымда орналасқан кешен 1980 жылы салынған. Түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, күйші әрі қобызшы болған Қорқыт атаның құрметіне тұрғызылған кешенде жиһанкездер мен қонақтар көне кезеңнің көзіндей болған сан алуан жәдігерлер тарихына үңіле алады. 

Деректерге көз салсақ, Қорқыт ата туралы деректер бізге үш түрлі жолмен жеткен. Олардың бірі — ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер болса, екіншісі — тарихи шежірелер, үшіншісі — Қорқыт ата кітабы. Қорқыт ата — Оғыз заманында өмір сүрген дана тұлғалардың бірі. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені белгілі. Дала данышпанының ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар.

Оған қоса өңірде Жанкент, Сығанақ, Шірік Рабат, Жент қалашықтары және Жетіасар мәдениеті ескерткіштері орналасқан. Өңірге келген жиһанкездер Марал ишан, Қалқай ишан, Түмен әулие секілді көптеген ескерткіщтермен таныса алады.

Сондай-ақ, былтыр жазғы демалыс маусымында облыстағы 13 шағын және 2 ірі демалыс орнына 110 мың демалушы келді, Атап айтқанда, 70 мыңға жуық адамды «Қамыстыбас» және «Ханқожа көлі» демалыс аймақтары қабылдады. Олардың иелеріне алдағы демалыс маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту және санитарлық тазалық талаптарын қатаң сақтау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. 

Қазіргі уақытта облыста 806 орынға есептелген 5 шипажай жұмыс істейді. Шипажайларға биылғы қаңтар-сәуір айларында 2587 адам келген. 

Ел жұртшылығы бальнеологиялық емдеу орындарының бірі ретінде бағаланатын Жаңақорған шипажайын жоғары бағалайды. Емдеу орны аудан орталығы жанындағы Теріскен көлінің жағасында орналасқан. Қызылорда қаласынан 170 шақырымдай қашықтықта жатыр. Шипалы балшығы мен тұзды суы адамдардың көптеген аурудан құлан-таза айығып кетуіне септігін тигізеді.

Аймақта жол инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің Қызылорда облысындағы бөлігінде 53 жол бойы қызмет көрсету кешені жұмыс жасайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<