Қызылорда облысы Арал ауданындағы жанармай құю бекетінде өрт болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, 17 шілдеде сағат 11.43 шамасында аудандық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 101 арнасына Арал қаласындағы «Sinooil май құю бекетінде» өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына аудандық 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 3 негізгі өрт сөндіру автокөлігі мен 10 қызметкер жұмылдырылған. Тілсіз жау 12:00-де толық сөндірілді.
«Өрт жанар-жағармай материалдарына арналған резервуардың жануынан пайда болған. Зардап шеккендер тіркелген жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда», – деп мәлім етті Арал ауданы әкімдігінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада құрылыс заттары дүкенінен өрт шығып, ондағы тауарлар түгел жанып кетті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<