Сыр елінде іске асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобалардың бірі – қуаттылығы жылына 240 МВт болатын жылу-электр орталығын салу. Ол үшін «Акса энерджи» компаниясының басшылығымен кездесу ұйымдастырылып, облыс орталығынан жылу-электр орталығын салу жобасына қатысты кейбір мәселелер пысықталған. Құны 215 млрд теңгені құрайтын жылу-электр орталығының капсула салу рәсімі 7 қыркүйекте түрік инвесторларының қатысуымен Қызылорда қаласында өткізілгені баршаға мәлім.
Жоба аймағымызды алдағы уақытта жылумен, электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді. Артылғанын сатуға да мүмкіндік болады. Осылайша, Қызылорданы ғана емес, басқа да өңірлерді қауіпсіз энергиямен қамтамасыз етуге жол ашады. Келісім-шарт бойынша жобаның мерзімі – 36 ай. Дегенмен, аймақ басшысы жоба құрылысының алғышарты жасалған инвесторлармен кездесу жиынынан соң журналистерге берген сұхбатында құрылысты 1,5-2 жылда толық бітіруге мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Бұл бағытта компания басшыларымен қосымша келіссөздер жүруде.
Айта кетейік, «Акса Энерджи» – мазут, табиғи газ, жел генераторлары мен су-электр станцияларында электр энергиясын өндіру саласындағы әлемдік тәжірибесі мол, жетекші компаниялардың бірі. Алпауыт мекеме Африканың Гана, Мали, Мадагаскар, Конго елдерінде және Өзбекстан мен Түркияда жылу-электр орталығын салған. Келер жылы компания Қызылордада құрылыс жұмыстарын бастайды.
Айту керек, жалпы құны 215 млрд теңгеден асатын жаңа нысан энергия жетіспеушілігін едәуір төмендетеді. Бұл – Тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды жоба.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<