Қызылорда облысындағы ескі теміржол бекеті ғимараты сынға қалды

35

0

Фото: Telegram / @egovpress

Қызылорда облысы, Арал ауданының Қамыстыбас елді мекеніндегі теміржол бекетінің сұрқы қашқан көрініс әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың сынына ұшырады.

Бейнежазбада оның әбден ескіргені, күрделі жөндеуге сұранып тұрғаны келтірілген. Өйткені вокзал ғимараты 1905 жылы Ташкент-Орынбор теміржолын салу кезінде тұрғызылған. Қызылорда облысының жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде тұр.

«Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ бейнежазбада көрсетілген ғимарат жергілікті атқарушы органның иелігінде екенін, бүгінде ол дүкенге айналғанын мәлімдеді.

– Жолаушы тасымалдау 2012 жылы салынған жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар басқа ғимаратта жүзеге асырылады. Аумағы – 94,5 шаршы метр, оған қоса 12 адамға арналған күту залы бар. Станса арқылы 7 жұп жолаушылар пойызы қатынайды, орта есеппен күніне 15 жолаушы жөнелтіледі. Қазіргі жолаушылар ағымының есебіне сәйкес ғимаратта жолаушыларға қызмет көрсету үшін қажет жағдай жасалған, – делінген хабарламада.

Жергілікті әкімдік тарихи-мәдени ескерткіш саналатын нысанды жеке кәсіпкер сатып алып, дүкенге айналдырғанын атап өтті.

– Нысан кәсіпкердің меншігіне өткен уақытта ғимараттың техникалық жағдайы толық жарамды күйде болған. Ғимараттың айналасындағы және оған келушілерге арналған қауіпсіздік шараларын қабылдау кәсіпкердің міндетіне жүктелген. Ғимарат жеке меншікте болғандықтан нысанды бұзу, қайта жабдықтау – кәсіпкердің мәселесі, – деп хабарлады аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.

Бұған дейін біз Қызылорда облысындағы Қазалы теміржол вокзалына жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жазған едік.