Қызылорда бас полицейі жыл басынан атқарылған жұмысты қорытындылады

576

0

Фото: Полиция департаменті

Бүгін департамент бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы жедел кеңес өткізіп, 2024 жылдың І тоқсанын қорытындылады. Жиынға департамент бастығының орынбасарлары, басқарма, қала, аудан басшылары және жеке құрам қатысты.

Жиында жыл басынан ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары қаралды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде құқық бұзушылықтар, оның ішінде қылмыстар, ауыр санаттағы қылмыс түрлері, бөтен мүлікті ұрлау, ұялы телефон ұрлығының және мал ұрлығының тіркелуі төмендеді.

Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда, көшелерде, отбасы-тұрмыстық саласында жасалған қылмыстардың саны азайды.

Бүгінгі департамент бастығының төрағалығымен өткен кеңесте атқарылған жедел – қызметтік жұмыстың қорытындысы мен жеке құрам арасындағы тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимылдың жай – күйі талқыланды. Сондай – ақ, Мемлекет басшысы мен ішкі істер министрінің қылмысқа қарсы күрес бойынша берілген тапсырмалары да кеңінен түсіндірілді. Жедел кеңес барысында біраз сын айтылып, түйткілді мәселелер тілге тиек етілді.

«Жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алу, анықтау жұмыстары ерекше назарда.

Күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептерді анықтау және жою үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасауға баса назар аударылып отыр. Қазіргі қазақстандық полицияның өзекті міндеті қолжетімділік пен ашықтықты арттырып, тұрғындармен кері байланыс орнату. Өз кезегінде, полицияның ашықтығы сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі қағидаттардың бірі болып отыр.

Жеке құрам арасында тәртіп пен заң бұзушылықтардың алдын алу және кінәлі қызметкерді түзелуге мүмкіндігін арттыру мақсатында офицерлер мен полицейлер кеңестерінің жұмыстары күшейтілді.

Ең бастысы қабылданған шаралардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарға жол берілген жоқ» деп басып айтты департамент бастығы.

Кеңес барысында Махсудхан Нұғманұлы “Заң және тәртіп” қағидатын орнықтыру, кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға жіті тоқталды.

Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, жол қауіпсіздігі, есірткі қылмысы, экстремизмге қарсы іс-қимыл жұмыстары, алаяқтық, киберқылмысқа қарсы күрес бағытындағы шараларына тоқталды.

Жалпы қазіргі уақытта жол қауіпсіздігі өзекті мәселелердің бірі. Талдау көрсеткендей, көлік оқиғаларының басты себебі жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, автокөлікті мас күйде басқару. Полиция департаментімен жол – көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында оңды шаралар қолға алынып отыр.

Өңірімізде жыл басынан жол қозғалысын бұзудың 62 мыңнан астам дерегі анықталып, автокөлікті мас күйде басқарған 150-ге жуық жүргізуші ұсталып, көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды.

Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында күнделікті талдаумен осал жерлер нарядпен тығыздалды. Тұрақты және үздіксіз жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жүргізілуде.

Осы ретте департамент бастығы тиісті қызмет басшыларына жол – көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы “Заң және Тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан да халыққа адал қызмет ету, азаматтардың өтініштеріне уақтылы және сапалы жауап беру, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, олардың заңды мүдделерін қорғау және құқықтық тәртіпті сақтауға біз міндеттіміз. Ел тыныштығын қамтамасыз ету бағытында жаңа мақсаттар мен оң нәтижелерге қол жеткізу жолдарын бірлесе қарастыруымыз керек» деді М.Аблазимов.

Кеңес қорытындысы бойынша департамент бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы жедел-қызметтік жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытта бұл жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты шараларды белгіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<