Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич, Еуро Одаққа мүше мемлекеттердің Қазақстандағы елшілерінің қатысуымен Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті талқыланған дөңгелек үстел өтті.
Аймақ басшысы өңірдің инвестициялық ахуалы мен экономиканы әртараптандыруда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Өткен жылы Президентіміз Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапарында инвестициялық климатты жақсарту, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытын жалғастыруды тапсырған болатын.
Бүгінде облыс экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құру жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарудамыз.
Өздеріңізге белгілі, бүгінде су ресурстары – тек Қазақстан ғана емес, Орта Азия мемлекеттері үшін де өте өзекті мәселе. Облыстың экономикалық, экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне, Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты.
Су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру – бүгінгі күннің басты талабы. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартуда осы мәселелерге басымдық беріледі», – деді аймақ басшысы.
Жиында Әлібек Қуантыров, Алешка Симкич, облыс прокуроры Р. Ожаров, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, «Рока групп» серіктестігінің бас директоры Даниэль Эрнандес, «Харвест Агро» компаниясының жоба басшысы Дәулет Увашев пікір білдірді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Еуропалық Одақ мемлекеттерімен ашық әрі сенімді дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде Қазақстан – Еуро Одақтың Орта Азиядағы негізгі инвестициялық және сауда-экономикалық серіктесі.
Кеше қонақтар Қызылорда қаласындағы әлеуметтік нысандарды араласа, бүгін Сырдария ауданының Бесарық елді мекеніндегі шағын өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысады. Бұл сапар әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға оң серпін бермек.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






