Қызылорда облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Жергілікті полиция қызметі бірлесіп, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Осындай іс-шаралардың бірі Қызылорда қаласындағы С.Толыбеков атындағы №3 мектеп – лицейінде ұйымдастырылды. Полицейлер оқушыларға жалған терроризм туралы хабарламалар полиция мен өзге де қызметтердің едәуір күштері мен уақытын зая кетіретінін түсіндіріп, мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын атап өтті.
Құқық қорғаушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін» қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Яғни, бұл әрекет — «әзіл» ретінде бағаланбай, нақты жазаға әкелуі мүмкін.
Семинар соңында оқушыларға түсіндірме жадынамалар таратылып, құқық бұзушылықтан аулақ болуға және заң талаптарын сақтауға шақырылды.






