Жалағаш ауданында мектеп оқушылары арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен «Мерген ару–2026» облыстық сайысы өтті. Аталған дода жасөспірім қыздардың бойындағы батылдық пен мергендік қабілетті шыңдап қана қоймай, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, елге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Салтанатты шараға Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархат Досаев пен Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде мұндай байқаулардың жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, әсіресе қыз балалардың қайсарлық пен төзімділік қасиеттерін қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.
Сайыс барысында қатысушылар әскери-қолданбалы спорттың бірнеше кезеңі бойынша өзара бақ сынасты. Әсіресе, нысана көздеу, қарумен жұмыс істеу, жылдамдық пен дәлдікке негізделген тапсырмаларда қыздардың шеберлігі айқын көрінді. Бұл ретте Қызылорда қаласының намысын қорғаған мерген арулар ерекше дайындық пен табандылықтың үлгісін көрсетті.
Қала құрамасы әр кезеңде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, қарсыластарына лайықты бәсеке туғызды.
Сайыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте І орынды Арал ауданы иеленсе, ІІ орын Қызылорда қаласының мерген аруларына бұйырды. Ал ІІІ орынды Жаңақорған ауданының командасы қанағат тұтты.
Қызылорда қаласының білім бөлімі






