Қызылорда қаласының қоғамдық көлігі – қарқынды даму мен заманауи қызмет үлгісі

7

0

Фото: Қала әкімдігі

Қызылорда қаласы аумағындағы қоғамдық көліктер қала тұрғындары мен қала қонақтары үшін қарқынды қызмет атқаруда.

2017 жылы заманауи талаптарға толық жауап беретін автобус паркінің жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Бүгінде бұл кешенде көлік құралдарын техникалық қызметтен өткізу, жөндеу цехтары, газ құю бекеті және көлік жуу орны тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуде.

Қазіргі таңда қалаішілік жолаушылар тасымалын күнделікті 240 дана автобус жүзеге асыруда. Қоғамдық көліктердің бағыттардағы қатынау интервалы жобамен 12–15 минутты құрайды. Серіктестіктің стратегиялық жоспарына сәйкес, Қызылорда автобус паркі ЖШС қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағыттарын қамтып келеді.

Облыс орталығында халық санының өсуі қоғамдық көлікке деген сұранысты жыл сайын арттыруда. Облыс әкімінің қолдауымен 2022–2024 жылдары қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу мақсатында Өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ арқылы табиғи газбен жүретін Yutong компаниясының «Yutong ZK6852 HG» маркалы 300 дана автобусы алынып, халық игілігіне пайдалануға берілді.

Қоғамдық көлік санының артуына байланысты серіктестіктің штаттық бірлігі 730-ке жетті. Оның ішінде 523 бірлікті автобус жүргізушілері құрайды. Жұмыс тәртібі – 2 жұмыс күні, 2 демалыс күні.

Бүгінгі таңда қоғамдық көліктерде ALEMPAY ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері немесе электрондық жол жүру картасы арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сараланған тариф бойынша 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап электронды төлем – 85 теңге, қолма-қол төлем – 130 теңге болып бекітілген.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін электронды түрде төлем жасаудың 8 түрі ұсынылған. Олар: SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталар, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары арқылы төлем жасау тәсілдері.

Бүгінде серіктестіктің барлық қалаішілік бағыттарда жолаушыларды тасымалдайтын автобустары 2GIS, Яндекс Go және Яндекс Карта ұялы қосымшаларына тіркелген. Бұл арқылы қала тұрғындары мен қонақтары баратын бағыттың қозғалыс уақытын және автобустың нақты орналасқан жерін көре алады.

Барлық қоғамдық көліктерде «автоинформатор» орнатылып, аялдамаларды автоматты түрде хабарлау қызметі жұмыс істейді. Аталған жүйе арқылы жолаушыларға аялдама атаулары, қалта ұрлығынан сақ болу және жол жүру билетін талап ету қажеттігі жөнінде ақпарат беріліп отырады. Арнайы навигация жүйесі ескертулерді толық автоматтандыруға мүмкіндік береді, бұл жүргізушінің көлік басқару кезінде алаңдамауын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-нің buspark.kz атауымен ақпараттық сайты жұмыс істейді. Сайтта қазақ және орыс тілдерінде автобус паркінің қызметі, жүргізушілер мен жолаушылар арасындағы мәдени диалогты қалыптастыру мәселелері, сондай-ақ автобустардың қозғалысын тікелей бақылау мүмкіндігі қарастырылған.