Қызылорда облысы Сырдария ауданында 5 бала екі айға жуық уақыт бойы анасының кесірінен жан бағып өмір сүріп жатыр. Әйел балаларды әкесіне тастап, жақсы өмір сүргісі келіп, облыс орталығына кетіп қалған. Сонымен қатар, ол балалардың жәрдемақысы мен 10 жастағы ұлының мүгедектігіне байланысты зейнетақысы түсетін барлық картасын алып кеткен, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы оның жұбайы Қайсар Балманов айтып берді. Ер адамның айтуынша, әйелі 31 жаста, ол ішімдік пен темекіге тәуелді болған.
«Бес баламның анасы туралы бұлай айту оңай емес, бірақ жағдай солай. Бір жылға жуық уақыт ішінде ол қатты өзгеріп кетті. Ішіп-шеге бастады, үйден кетіп қала берді. Өзімен бірге карталарды алып кетеді. Онда балалардың жәрдемақысы, ортаншы ұлымыздың мүгедектігіне байланысты зейнетақысы түседі. Шамамен 200 мың теңге. Бұған дейін ол 10 күнге кетіп қалды, бірақ кейін өзі келіп, 2 күн үйде болды. Кейін қайта қашып кетті. Екі айдан аса уақыттан бері ешқандай хабар жоқ», – дейді ол.
50 жастағы Қайсар Балманов жұмысқа шыға алмайды, өйткені барлық уақыты бала тәрбиесіне кетеді. Өзінің айтуынша, бұрын ол механизатор, күріш өсіруші болып жұмыс істеген. Қазір үй шаруасымен айналысады.
«5 баламыз бар. Үлкен қызымыз 12 жаста, ол Нұр-Сұлтандағы мектеп-лицейде оқиды. Әжесімен тұрады. Ал ең кішісі 4 жаста. Қазір қолымда 4 кішкентай бала бар. Уақытым тағам әзірлеуге, үй жинауға, үлкендерін мектепке, кішілерін балабақшаға жіберуге кетеді. Сонымен қатар, 10 жастағы ұлымыз кішкентайынан мүгедек, церебральды сал ауруына шалдыққан. Оны бір минутқа да қалдыра алмаймын, өйткені сөйлемейді, өздігінен ештеңе істей алмайды. Жергілікті әкімдік азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр, ал мектеп балаларыма тегін тамақ береді. Әйтпесе баяғыда аштыққа ұшырайтын шығармыз», – деп қосты ол.
Ер адам ештеңеге шағымданбайды, тек құзыретті органдардан мүгедектік бойынша зейнетақы мен балалардың жәрдемақысын өз атына ресімдеуін сұрайды.
«Бұл ақша қалыпты өмір сүруімізге жетеді. Тұрғын үйіміз бар, 2 бөлмелі үйде тұрамыз. Әзірге балалар кішкентай, сиямыз», – дейді Балманов.
Сырдария аудандық әкімдігі өкілі бұл отбасы үнемі ауыл әкімшілігінің бақылауында екенін атап өтті.
«2021 жылғы сәуір мен мамырда оларға азық-түлік берілді, ал қарашада ауыл кәсіпкерінің демеушілігімен екі тонна көмір берілді. Жаңа жыл қарсаңында балаларға мерекелік сыйлықтар берілді», – деп атап өтті аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.
Аудандық білім бөлімі қызметкері аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына балалардың анасын ата-ана құқығынан шектеу туралы ұсыныс түскенін айтты.
«Осыдан кейін ғана балалардың жәрдемақысын, мүгедектігі бойынша зейнетақыны Қайсар Балмановтың атына ресімдей аламыз», – деп атап өтті аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлжанат Қасымова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<