Қызылордада әйелін өз-өзін өлтіруге дейін жеткізген ер адам сотталды

394

0

Фото: Kazinform/Мухтор Холдорбеков

Қызылорда облысында Сырдария аудандық сотында әйелін өз-өзін өлтіруге дейін жеткізген ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Сырдария аудандық сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 1-бөлігі (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотталушы Ә-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Сотталушы жәбірленуші Ә-ге қатыгездікпен қарап, қорқытып, адами қадір-қасиетiн үнемі қорлаған. Оған шыдай алмаған әйел тұрғын үй ауласында мал қорада мойнына жіп байлап, өзін-өзі өлтіруге душар болған.

Сотталушының кінәсі оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамасы, жәбірленушінің туыстары мен куәлердің айғағы, сараптама қорытындысымен, жәбірленуші мен сотталушы арасындағы хат алмасу, жәбірленушінің ұялы телефонынан алынған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын растайтын жазба және басқа да дәлелдемемен бекітілді», – деп мәлім етті Сырдария аудандық сотының баспасөз қызметінен.

Ведомство мәліметінше, сотталушы сотта өз кінәсін мойындамаған. Оның жас балаларының болуы жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде қабылданған жоқ. Себебі, оның қылмысы жас балаларының анасына қарсы бағытталған және анасынан айырылуына алып келген.

«Сырдария аудандық сотының үкімімен сотталушы Ә. ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыға қолданылған «ешқайда кетпеу» түріндегі бұлтартпау шарасы «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді. Сотталушы сот залынан қамауға алынды. Азаматтық талап қоюшы Б. азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды. Азаматтық жауапкер сотталушы Ә.-ден азаматтық талап қоюшы Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық зиян шығындар өндірілді. Үкім заңды күшіне енбеген», – деп толықтырды баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жол-көлік оқиғасында жасөспірімнің өліміне себеп болған жүргізуші сотталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<