Қызылордада алаяқтардың арбауына түскен 289 жәбірленушінің 298 млн теңгеден астам несие төлемі облыстық прокуратура ұсынысымен іс бойынша процестік шешім қабылданғанша тоқтатылды. Бұған қылмыстық-процессуалдық кодекстің 200-бабының талабы негіз болды.
Қадағалаушы органның баспасөз қызметі мәлімдегендей, алаяқтық ісі бойынша 406 дроппер анықталып, соның 380-і бойынша сотқа дейінгі шағымдар түсті.
«Антифрод-орталығына күмәнді есепшот транзакцияларын бұғаттау үшін 1422 инцидент беріліп, 1279 есепшот бұғатталды. 2,4 млрд теңге залалдың 1,5 млрд теңгесі тергеу барысында қайтарылды, өндіру үлесі — 63%», делінген хабарламада.
Қылмыстың себеп-салдары, оның алдын алу бағытындағы іс-шаралар ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу және екінші деңгейлі банктер мен микро қаржы ұйымдарының өкілдері қатысқан үйлестіру кеңесінде қаралды.
«Киберпол» жұмысы жолға қойылғалы жәбірленушілердің арызын қабылдау, істі жылдам тергеу тиімділігін көрсетіп отыр. Былтыр облыста көпэпизодты алаяқтықпен айналысқан 3 адамға қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды», делінген хабарламада.






