Қызылордада автогаз тапшы: облыс әкімдігі түсініктеме берді

622

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылордалық көлік жүргізушілері бірнеше күннен бері газ тапшылығын сезініп отыр. Жанар-жағармай құю бекеттерінде арзан отын тек талон арқылы беріліп жатыр, деп жазады Syrboyi.kz.

«Бағасы қалтамызға қолайлы болғасын біраз уақыттан бері газ пайдалануға көшкенмін. Бірақ кейде осындай мәселе туындайтыны көңіліңді түсіреді. Енді, міне, бес-алты күннен бері тағы жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүрміз», – деді қала тұрғыны Самат Әбдірәсілов.

Облыс әкімдігі бұл Қызылорда облысына ғана емес, еліміздің барлық өңіріне тән жағдай екенін мәлімдеді. Республика бойынша мұнай-газ тапшылығы 20-25 пайызға жеткен. Энергетика министрлігі мұның себебін сұйытылған газ пайдаланатын көліктер санының артуымен (2022 жылы – 491 мың, 2023 жылы – 582 мың) байланыстырады.

Қызылорда облысында да өсімді байқау қиын емес. Облыстық полиция департаментіне тіркелген газбен жүретін көлік саны 2021 жылы 4528 болса, 2022 жылы 7290, 2023 жылы 29828, биыл 6 айда 33908-ге жеткен. Демек, 2022 жылдан бері 4 есе артты.

«Облыста 210 газ құю бекеті, 6 газ сақтау қоймасы арқылы 25 оператор газ сатумен айналысуда. Сұйытылған мұнай-газ бөлінісі Энергетика министрлігі бекіткен қағидаға сәйкес жүргізілуде. Өңір бойынша газдың бір айдағы қажеттілігі – 9 мың тонна (күніне – 300 тонна). Шілде айына 7406 тонна газ бөлінді, тамыз айына – 7682 тонна, қыркүйек айына – 6680 тонна. Осыған орай кейбір жергілікті операторлар газды лимит арқылы сатуға мәжбүр. Дегенмен, облыстағы негізгі ірі операторларда газ саудасы тоқтаған жоқ», – деді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев.

Әкімдік мәліметіне сүйенсек, газ толтыру станциялары мен зауытта 1558 тонна газ қалдығы бар. Операторлар оны кестеге сәйкес тасымалдауда.

«Газ қорына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Энергетика министрлігімен бірлесе атқарылған жұмыс нәтижесінде облысқа 570 тонна қосымша газ бөлінетін болды», – деді Ардақ Зебешев.

Облыс әкімдігі көлік егелерін алаңдатқан ахуал тамыз айының басында қалыпқа келетінін, мәселе аймақ басшысының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

Назерке Саниязова 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<