Қызылордада «Ауыл аманаты» жобасы аясында 46 жобаға жеңілдетілген несие берілді

8

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы өңірде нақты нәтижесін беруде. Бағдарлама аясында қала бойынша 46 жобаға 359 млн 500 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл ауыл тұрғындарының кәсіп ашуына және табысын арттыруына мүмкіндік жасады. Бұл туралы Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.

«Қызылорда қаласында «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы өнеркәсіп саласындағы 20 жоба қолдау тауып, жалпы көлемі 627 млн теңге қаржыға қол жеткізді. Бұл бастамалар өндірістік әлеуетті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдауда екінші деңгейлі банктердің де үлесі зор. Осы арна арқылы 86 кәсіпкер жалпы сомасы 4 млрд 600 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өз ісін кеңейтуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде Қызылорда қаласындағы кәсіпкерлер саны 35 мыңнан асып, бұл салада жұмыспен қамтылған азаматтар саны 63 мыңға жетті», – деді қала әкімі Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан өндірілген өнім көлемі 374 млрд 752 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, құны 240 млрд теңге болатын 16 жаңа инвестициялық жоба іске асырылды.

«Инвестициялық жобалармен қатар, қаладағы сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға да басымдық беріп отырмыз. Қазіргі таңда тұрғындар арасында “Жаңа базар” және “Ескі базар” аталып кеткен екі ірі сауда орталығы кезең-кезеңімен қайта жаңартылуда. Аталған жобалар қала экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына оң ықпал етуде», – деді Нұржан Сәбитұлы.