Қызылордада ауыл жастары кәсіпке бет бұрды

511

0

Сурет: ашық дереккөз

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында ауыл тұрғындары кәсіпке бетбұрып келеді. Мәселен былтыр, бір ғана «Үшінші интернационал» елдімекенінде 20-ға жуық жас мемлекеттік грант арқылы жеке бизнесін бастады.

Ауылдың тумасы Ясин «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген қазақтың нақылын жадына тоқып өскен азамат. Ол былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, бүгінде қорасын ұсақ малға толтырған. Қой шаруашылығымен отбасын асырап отырған тұрғын енді асыл тұқымды төл санын көбейтпек.

Ясин Мұратов, жас кәсіпкер:

Жәй тұқымнан бастадық. Құдайға шүкір қазір гесарға дейін алдық. 120 мыңға гесар алдық. Қошқарына. Бір миллион 225 мың алдық. Рақмет көмектесті. Соның арқасы осы қойлар. Жәймен-жәймен енді көбейтеміз.

Ал жас механик Пазыл былтыр ауылдан көлік жөндеу орталығын ашты. Мемлекеттен бір миллионның үстінде қаржы алып, өзіне қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп алған. Қазір шеберге жүгінетіндер көп. Себебі, көлігі бұзылғандар көрші ауылдан да ағылып жатады.

Пазыл Ғазизұлы, жас кәсіпкер:

Әскерден оралып жұмыс көрдім бүкіл жерде айлық аз. Ал бұндай жұмыста табыс көзі қой мұндайда. Егер жақсы білсең. Ұқыпты істесең. Грантты алдық, бүкіл қондырғыны алдық. Қазір шүкір, күніне екі-үш көлік келеді. Соны жөндеп шығарамыз.

Жаңажолда жас кәсіпкер темірден түрлі құрылыс материалдарын шығарып отыр. Шағын цехында шеге, темір тор мен сым тікен өндіреді. Оны шаруалар көбіне егістік аумақты малдан қорғау үшін пайдаланады. Елдімекен шалғай жатса да жан-жақтан тапсырыс берушілер көп.

Ерсін Өтепов, жас кәсіпкер:

Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша шаруашылықтар сым тікен, шеге заттарымызды алып жатыр. Алдағы мақсатымыз осы құрылыс заттарын толығымен қамтып шығаратын үлкен кәсіпорын ашсақ деген ойымыз бар. 

Жалпы өткен жылы облыста кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп оның үлесі 22 пайызға артқан. Әсіресе, ауыл аймақта бизнеске бетбұрғандар көбейген. Қазір өңірде 70 мыңға жуық адам өз кәсібінің арқасында күн көріп отыр.

Әділбек Серікұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<