Қызылордада бюджеттен ұрланған қаржы туралы тың деректер шықты

881

0

Фото ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Қызылорда облысында аудандық білім бөлімінің басшысы мен бас экономист жалақы қорынан миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікпен ұсталған еді. Оқиғадан соң 29 мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы bugin.kz сайты Tengrinews. kz тілшісіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы Ернар Мақажанов ауданда бюджеттік өтінімдерді бекіту тәртібінен бастап, мұғалімдердің еңбекақысына дейін жүйелі сыбайлас жемқорлық жағдаяттары бар екенін айтты.

«Қаржыландыру жоспарлары қажетті есептеулер, растайтын құжаттар мен негіздемелер ескерілмей бекітілген. Нәтижесінде артық қаржыландыр анықталып отыр», – деді Ернар Мақажанов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен енгізілген ұсыныстар негізінде ведомстволық бақылаудың жоқтығы және қарамағындағы қызметкерлердің заң талаптарын бұзғаны үшін облыстағы білім беру ұйымдарының бірқатар лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Осы жағдай бойынша білім беру ұйымдары басшыларының лауазымдық бағыныштылығына және жауапкершілігіне қарай 29 мектеп директорына тәртіптік жаза қолданылып, Жаңақорған ауданында тағы 7 мектеп директоры қызметінен босатылды», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған жиында (ағымдағы жылдың 27 наурызында) аудандық білім бөлімінің басшысы мен бас экономист жалпы сомасы 1 млрд. бюджет қаражатын ұрлады деген күдікті ретінде танылып, қамауға алынғанын мәлімдеген еді.

Алайда кейінірек отырыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық департаментінің қызметкерлері көрсетілген соманың бюджетті қалыптастыру кезінде негізсіз бөлінген қаржы екенін түсіндірді. Жалпы, күдіктілер 1 миллиард 70 миллион теңгені жымқырған. Іс бойынша 26 адам күдікті деп танылып, сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотта қаралуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<