Қызылордада дәрігер ісікті алып тастау үшін ота жасағанымен, ісік орнында қалған: Ауруханаға айыппұл салынды

345

0

Фото: freepik.com

Қызылордада дәрігер арнайы сертификатсыз онкологиялық ота жасап келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қызылорда облыстық сотының мәліметінше, Қызылорда қаласының тұрғыны Д. есімді келіншекке маммолог дәрігер «сол жақ сүт безінің фиброаденомасы» диагнозын қойып, емделу керектігін ұсынған. Осыған байланысты, әйел жоспарлы емделуге жолдама алып, сол дәрігердің ауруханасының хирургия бөлімінде ота жасатыпты.

Отадан кейін әйелдің денсаулығы нашарлап, мазасыздана бастаған. Науқас әйел медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне жүгініп, хирургтың сапасыз медициналық көмек көрсеткеніне шағымданды.

«Шағымға байланысты, ауруханаға жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Тексеру қорытындысына сәйкес, әйелді емдеу кезінде диагностика мен емдеу клиникалық хаттамаларының сақталмағаны, хирург отаны «онколог маман» сертификатынсыз жасағаны, аурухананың мемлекеттік лицензиясында онкологиялық көмек көрсету туралы қосымшаның жоқ екендігі анықталды», – делінген сот хабарламасында.

Тексеріс нәтижесі бойынша, хирург дәрігерге және аурухана заңгеріне әкімшілік айыппұл салынды.

«Осы мән-жайларға байланысты, әйел Қызылорда қалалық сотына жүгініп, ота жасау кезінде ісік бар сол жақ сүт безінің астыңғы бөлігі емес, жоғарғы бөлігі кесілгенін, ультрадыбыстық зерттеуге қайта түскенде, сол жақ сүт безіндегі ісіктің алынбағаны белгілі болғанын, дәрігер өз ісіне немқұрайлықпен қарағанын, соның салдарынан ауруы асқынып, уайымға салынып, жан азабы мен тән азабын тартқанын көрсетіп, моральдық шығын өндіруді сұраған», – делінген облыстық сот хабарламасында.

Қызылорда қалалық соты талап арызды қанағаттандырып, жәбірленушінің пайдасына ауруханадан 2 000 000 теңге моральдық шығын өндіру туралы шешім шығарды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<