Өткен жылы сумен және жылумен жабдықтау қызметі үшін әлеуметтік тұтыну нормасы енгізіліп, еліміздің бірқатар өңірінде соған байланысты тариф бекітілген болатын. Бұл норма Қызылорда облысында тек 2025 жылы қолданысқа енді.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мәлімдегендей, «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнының 2020-2024 жылдарға бекітілген тариф мерзімі аяқталып, тағы 5 жылға ұзақмерзімді тарифті бекітті. Сөйтіп, биыл мамыр айынан бастап сумен жабдықтаудың орташа босату тарифі қосылған құн салығынсыз 1 текше метр үшін 92,56 теңге болып белгіленді.
— Тұтыну топтары арасында бюджеттік мекемелер мен өзге де ұйымдардың тарифі теңесті. Әлеуметтік тұтыну нормалары нақтыланды. «QazaqGaz Aimaq» компаниясы Қызылорда өндірістік филиалының ұсынысымен тауарлық газды бөлшек саудада өткізу бағасы өзгерді. Баға жеке тұлғалар, бюджеттік және өзге ұйымдар үшін 3,2%-ға, атаулы көмек алушылар үшін үшін 11,3%-ға өсті. Стратегиялық тауарлар құны мен өңірдегі орташа айлық номиналды жалақының өзгеруіне байланысты тауарлық газды газ тарату желілері арқылы беру тарифі 1 шілдеден бастап 0,5%-ға артты, — деді департамент басшысының орынбасары Зура Сардарбек.
Жыл басында өңірді электрмен жабдықтаушы бірқатар мекеме қызметін тоқтатып, оның орнына тұтынушыларға «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы қызмет көрсете бастады.
Электр энергиясын сатып алу құнының, орташа айлық жалақының көтерілгенін алға тартқан бұл компания да департаментке бағаны өсіруді ұсынды. Соның нәтижесінде жарық тұтынушылар үшін тариф 31,2%-ға жоғарылады. Қызылордалықтар 15 мамырдан бастап қосылған құн салығын қоспағанда 1кВт/сағат үшін 9,346 теңге төлеп келеді.
Kazinform бұған дейін тарифтердің өсу себептері мен әлеуметтік салдарын сарапшылар пікірі мен халықаралық тәжірибе негізінде талдаған болатын.






