Қызылордада кәсіпкерлерге заңсыз айыппұл салғандар жауапқа тартылды

6

0

Фото: Бас прокуратура

Қызылорда облысында инвесторлардың құқықтарын бұзу деректері анықталып, шенеуніктердің заңсыз әрекеттері әшкереленді. Прокуратура тексерісі барысында кәсіпкерлерді негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері белгілі болып, салынған айыппұлдар жойылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

— Арал ауданында Мемлекеттік кірістер басқармасы прокурордың міндетті келісімінсіз инвесторды ӘҚБтК-нің 279-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартқан. Осыған ұқсас бұзушылықтар Жаңақорған ауданында да тіркеліп, инвесторға қатысты бес әкімшілік іс бойынша айыппұл заңсыз салынған, — деп хабарлады прокуратурадан.

Прокуратураның наразылығы негізінде барлық заңсыз шешімдердің күші жойылды. Заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты әкімшілік істер қозғалды. 

Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін олар ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұл ретте мұндай әрекеттер үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделгенін айта кету керек.

Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Ақмола облысында экотуризм саласында халықаралық жобаны іске асырып жатқан компаниядан 16 мың гектар жерді заңсыз тартып алмақ болған әрекетке тосқауыл қойғанын жаздық.