Қызылордада күріш зауытында шыққан өрттен 240 тонна өнімге зақым келді

1397

0

Фото: Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департамент

Қызылорда облысында күріш өңдеу зауытының ғимараты жанып, 240 тонна өнімге зақым келді, деп хабарлайды Kazinform. 

Бүгін, 8 қаңтарда 14.01 минутта төтенше жағдайлар қызметіне Қармақшы ауданына қарасты Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» ЖШС күріш өңдеу зауытының ғимараты жанып жатқаны жөнінде хабарлама түсті.

«Өртті сөндіруге Қармақшы ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру техникасы және 15 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ, оған өртті сөндіруге ерікті өртке қарсы қызметінен 20 қызметкер мен 3 техника күш-құралы ретінде жұмылдырылды», – деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен.

Ведомство мәліметінше, серіктестікке қарасты күріш ақтау зауыты (диірмен) ғимаратының шатыр асты ағаштарының жануы анықталған. Оның жалпы көлемі – 234 шаршы метр.

«Өрт салдарынан зауытта жинақталған 240 тоннаға жуық күрішке зақым келген.

Өрт сағат 15.14-те оқшауланып, 15.30-да толық жойылды. Қаза болғандар және зардап шеккендер жоқ.

Өрттің болжамды шығу себебі -электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Қазіргі таңда оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті Өрт зертханасы және анықтау бөлімінің мамандары өрттің нақты шығу себебі мен шығынын есептеуде», – деп толықтырды мамандар.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада полиция қызметкері көпірден секірмекші болған әйелді құтқарып қалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<