Қызылордада мәдениет қызметкерлері баспаналы болды

45

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Руханият жылы» аясында, Тәуелсіздік күніне орай мәдениет саласы қызметкерлеріне алғаш рет 40 қызметтік жаңа пәтердің кілтін табыстады. Рәсімге зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы баспана бақытына кенелген қоныстанушыларды құттықтады.

«Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген ең қымбат қазынамыз. Қастерлі қазынаны қорғау, сақтау, оны мәңгі ету – баршамыздың парызымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еңселі ел болуымызға барлық саланың, түрлі мамандықтың өкілдері және барша азаматтарымыз біркісідей атсалысты» деген болатын.

Қыркүйек айында Алматы қаласындағы Қызылорда облысының өнер күндерін өткізуге атсалысқан өнерпаздармен, мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесуде сала мамандарына қызметтік пәтерлер берілетіні айтылған болатын. Міне, араға ұзақ уақыт салмай, «Руханият жылы» аясында, Тәуелсіздік күніне орай мәдениет саласы қызметкерлеріне алғаш рет 40 қызметтік жаңа пәтердің кілтін табыстаудамыз», – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, 2024 жыл өңірде «Руханият жылы» деп жарияланып, тек мәдени-көпшілік шараларға ғана емес, ауқымды жобаларға баса мән берілді. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды.

Қызылордада мәдениет қызметкерлері баспаналы болды

Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау үшін «Шығармашылық академиясы» салынуда. Жаңа нысандар келесі жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі.

Облыстың мәдениет мекемелерінің 25 қызметкері Италия, Беларусь елдерінде, еліміздегі белгілі өнер ұжымдарында біліктілігін арттырды. Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері «Тұран» сыйлығы дәстүрлі түрде табысталуда.

«Руханият жылы» аясында барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынуда. Алғашқы орталық Қармақшы ауданында пайдалануға берілді. Алдағы уақытта басқа аудандардағы орталықтар да іске қосылады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<