Қызылордада «Мен сенімен кездестім» атты шығармашылық кеш өтті

128

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше Қызылордадағы «Өнер орталығында» «Руханият жылы» аясында композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Төлеген Мұхамеджанов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан және Татарстан Республикасының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның «Мен сенімен кездестім» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық кешті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қала және аудандардан келген өнерсүйер қауым тамашалады.

Концертті Мүсілім Әмзенің, Кеулімжай Ботабаевтың дирижерлігімен облыстық симфония оркестрі сүйемелдеп, Төлеген Мұхамеджановтың «Астана» симфониялық картинасы орындалды. Н.Үсенбаева жеке дауыста және Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің аралас хорымен бірге шетел композиторларының оперетталарынан ариялар, халық әндерін шырқады. Концертте композитордың қазақ ән өнерінің қорына қосқан бай қазынасы – «Қимай сені барамын»,«Іңкәрім-ай», «Мен деп ойла», «Аяулым», «Құс жолы», тағы басқа әндері тыңдаушылар назарына ұсынылды. Сезім сырын, махаббат мұңын, ғашықтар үнін жеткізген әндер үшін кеш иелеріне көрермен қошеметі ерекше болды.

Концертте аймақ басшысының ықылас гүлі табысталды.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында «Руханият жылы» жарияланып, өнер мен мәдениет саласында көптеген игі іс атқарылуда. Көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілді. Көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін 50 өнерпаздан жасақталған симфония оркестрі құрылды.

Өткен жылы еліміздің барша аналарының құрметіне Алаштың анасы – Сырдың төрінде «Анаға тағзым» орталығы ашылып, жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған «Отбасы орталығы» өз қызметін белсенді жүргізуде.

Соңғы 2 жылда мәдениет саласында жаңадан 6 ұжым, атап айтқанда, симфония оркестрі, инклюзив театры, жастар театры, «Анаға тағзым» орталығы, заманауи би және хор ұжымы құрылған.

Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдері көптен күткен Жыраулар үйі ашылып, жұмысын бастады.

Қызылорда қаласының сол жағалауынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты салына бастады. Барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін «Руханият» орталықтарының құрылысы қарқын алды. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүр насихатталады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<