ҚЫЗЫЛОРДАДА МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ ҚАУІПСІЗДІК ҚАҒИДАЛАРЫ САҚТАЛДЫ

6

0

Фото: ӨКҚ

Наурыз мерекесі күндері Қызылорда облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар мекемелер күшейтілген қызмет режимінде жұмыс істеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарланды.

Облыс көлемінде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, жедел жәрдем қызметі 103 желісі арқылы 6 551 шақыртуға қызмет көрсетті. Ал «109 – Бірыңғай байланыс орталығына» 2 527 өтінім түсіп, барлығына дер кезінде жауап берілді.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаныл Исақызының айтуынша, мереке күндері жедел жәрдем қызметі толық күшейтілген режимде жұмыс істеген.

– Облыс бойынша 70 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Оның ішінде 10 дәрігерлік, 60 фельдшерлік топ, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жанында 29 мобильдік топ қызмет атқарды. Бес күн ішінде 103 желісіне 6 551 шақырту түсті. Оның 1 769-ы балаларға қатысты. Шақырулардың 62,7 пайызы шұғыл және аса қауіпті жағдайларға жатса, 37,3 пайызы 4-санатты шақыртулар болды. Сонымен қатар, травмпунктке 255 адам жеткізілді. Жол-көлік оқиғалары бойынша 19 шақырту тіркеліп, 25 адам зардап шекті, оның 8-і ауруханаға жатқызылды. Бұдан бөлек, 76 әйел перзентханаға жеткізіліп, үй жағдайында босану дерегі тіркелмеді. Жедел жәрдем қызметінің шақыртуларға дер кезінде жету көрсеткіші 98,4 пайызды құрады, – деді Жаныл Исақызы.

Ал Қызылорда облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Пралиұлы мереке күндері қоғамдық тәртіптің толық бақылауда болғанын атап өтті.

– 20-22 наурыз аралығында полицияның жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне көшірілді. Нәтижесінде өңірде төтенше жағдайларға жол берілмей, ахуал тұрақты болды. 21 наурыз күні «Қайсар Аренада» өткен мерекелік іс-шарада 400-ге жуық қызметкер, ал Президенттік саябақтың ашылуында 75 қызметкер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Сонымен қатар, кешкі және түнгі уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ойын-сауық орындарында бақылау күшейтілді. Жалпы, жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2100 дерегі анықталып, 108 автокөлік айып тұрағына қойылды. Тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және заң талаптарын орындауға шақырамыз. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік, – деді ол.

Сонымен қатар, Жедел әрекет ету орталығы директорының орынбасары Мұхтар Кенжебекұлының мәліметінше, мереке күндері 109 және 112 байланыс желілері тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеген.

– «112» желісіне 3 298 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 55 өрт оқиғасы, 21 төтенше жағдай, 21 жедел жәрдем шақыртуы, 783 құқық қорғау сипатындағы хабарлама тіркелді. Қалған 2 418-і анықтамалық сипатта болды. Ал «109» желісіне 2 527 өтінім түсіп, оның 2 478-і орындалды, 49-ы қаралуда. Өтініштердің басым бөлігі электрмен жабдықтау, газ, су, жылу, көше жарығы және қала тазалығы мәселелеріне қатысты болды. Барлық өтініштер жедел түрде тиісті мекемелерге бағытталып, уақытылы шешімін тапты, -деді Мұхтар Кенжебекұлы.

– 21-26 наурыз аралығында барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Тәулігіне орта есеппен 164 қызметкер, 45 техника, 1 кинологиялық топ, 8 ұшқышсыз ұшу аппараты және 2 тікұшақ кезекшілікке тартылды. Нәтижесінде өңірдегі жағдай тұрақты сақталды. Сонымен қатар, Сырдария өзені мұздан толық тазарып, су басу қаупі жойылды. Байқоңыр ғарыш айлағынан жүк кемесінің сәтті ұшырылуы да мерекелік күндердің маңызды оқиғаларының бірі болды. Мамандар тұрғындарды өрт және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады, – деді ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығының басшысы Данияр Асқарұлы.