Қызылорда қаласындағы Достық үйінде неміс этномәдени бірлестігінің онкүндігі салтанатты түрде ашылды. Онкүндіктің алғашқы шарасы әдеби викторина – «Неміс жазушыларының өмірі мен шығармашылығы» тақырыбына арналды.
Шараға И.В. Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінің 6-шы сынып оқушылары белсене қатысып, білімдерін ортаға салды. Әділқазылар құрамында Қызылорда облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов, «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Галина Щербакова және «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Наталья Мишукова болды.
Іс-шараның ашылуында неміс этномәдени бірлестігінің облыстық төрағасы Ирина Шек құттықтау сөз сөйлеп, жас буынға сәттілік тіледі.
Білім сайысы «Ми шабуылы» кезеңімен басталып, оқушылар әлем халықтарының ертегілері бойынша қойылған қызықты викториналық сұрақтарға жауап берді. Одан әрі қатысушылар шағын топтарға бөлініп, әдеби квизге қатысты. Квизді №5 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Зеленкова жүргізіп, LED экран арқылы 5 түрлі тақырыптағы сұрақтар ұсынылды.
Марапаттау рәсімі алдында қатысушылар Ганс Христиан Андерсеннің «Сұрықсыз үйрек» атты анимациялық хикаясын тамашалады. Ізгілікті, ішкі сұлулық пен өз-өзін қабылдау идеясын арқау еткен бұл шығарма оқушыларға шабыт сыйлап, әр адамның қайталанбас ерекшелігін бағалауға үндеді.
Байқау соңында барлық оқушылар мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара ашық есік күнімен жалғасын тапты. Қатысушылар неміс этномәдени бірлестігінің қызметімен тереңірек танысып, оның төрағасы Ирина Шекпен әсерлі сұхбат құрды.






