Қызылордада өкіпесіне салқын тиіп, ауруханаға өз аяғымен барған 49 жастағы Ержан Әзенов бір жарым жылдан бері комада жатыр. Науқастың оянатынын не оябайтынын дәрігерлер де білмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Науқастың әйелі Қарлығаш Сақтапбергенова 2024 жылы күйеуінің пневмонияға шалдығып, ауруханаға барғанын айтады. Алайда ыстық бөлмеде ауа жетпей қиналған азамат бір күннен кейін “үйден ем қабылдаймын” деп дәрігерден өзі сұранып шығыпты. Осылайша таксиге мінген бойда Ержан Әзеновтың бірнеше сәтке жүрегі соқпай, миы жұмысын тоқтатқан. Содан бері ес-түссіз күйде жатыр дейді ол. Қарлығаш Сақтапбергенова күйеуінің денсаулығын бірден тексеріп, тиісті ем жүргізбеген медицина мамандарын кінәлайды.
“Ішкі құрылыстары бәрі істеп тұр. Жүрегі 10-11 минут тоқтап тұрғанда миы да жұмысын тоқтатқан. Емделемін деп өз аяғымен келген адам мынадай жағдайға ұшырады. Бүгін 1 жыл 7 ай болды жатқанына. Мына жаққа келгенде неге емі дұрыс жасалмады сол күні. Неге жасамады, ол адамды аман алып қалуға болатын еді ғой”, – деп ашынады әйел.
Науқас бәрін көріп жатса да, әйелінің сұрағына жауап қатпайды. Ауруханадағы дәрігерлер науқасқа тиісті көмек көрсетілді деп ақталады.
“Негізгі науқастың шағымдарына байланысты, сол кездегі тексеру нәтижесімен оған пневмония диагнозы қойылып, терапия бөліміне жатқызылып, пульмонолог дәрігер тексерді. Стандартқа байланысты ем-шаралар тағайындалған. Ол жерде емде ауытқушылық болды деген нәрсеге негіз жоқ. Бір жарым жылдан бері бақылап отырмыз. Өзгеріс байқалып тұрған жоқ”, – дейді Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсім Бержаппарова.
Аурухана басшылығы ауырып келген адамды үйіне жіберген дәрігерге сөгіс беріпті. Ал полиция “міндетін тиісінше орындамау” бабымен тергеу жүргізіп жатыр. Науқастың әйелінің айтуынша, Ержан Әзенов өмір бойы спортпен шұғылданған, денсаулығына шағым айтпаған. Әйелі мен екі қызы отағасының сауығып, үйге қайта оралғанын асыға күтіп жүр.






