Қызылорда қаласында саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған, Қызылорда милициясының ерекше құрметіне ие болған ардагер Тұңғышбай Серікбол Қуатбайұлына арналған музей-бұрыштың ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы, ардагердің туған-туыстары, әріптестері мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Салтанатты жиында ардагердің ішкі істер саласындағы көпжылдық еңбегі ерекше аталып, оның ордендері мен өзге де марапаттары музей архивіне тапсырылды.
Серікбол Қуатбайұлы қызмет жолын 1980 жылы бастаған. Ол қылмысты іздестіру саласында, қала және облыстық деңгейдегі басшылық лауазымдарда қызмет атқарып, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты. 2008 жылы «полиция полковнигі» арнаулы атағымен зейнеткерлікке шықты.
Еңбек жолында «Мінсіз қызметі үшін» I, II, III дәрежелі медальдарымен, «ІІМ-нің еңбегі сіңген қызметкері», «Үздік қызметі үшін» және өзге де төсбелгілермен марапатталған.
Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық қызметтен қол үзбей, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы ретінде жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін арттыруға үлес қосты.
Ашылған музей-бұрыш – ел тыныштығы жолында адал қызмет еткен ардагердің өнегелі өмір жолын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі етуге арналған тағылымды орын.






