Қызылорда облысының Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы полиция генерал-майоры Саданов Арман Амангелдіұлының төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті.
Кеңесте 2025 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды.
Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы, орынбасарлары, басқарма, қала және аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары, Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы, сондай-ақ жеке құрам қатысты.
Кеңес барысында Ішкі істер министрлігінің 2026 жылға арналған бірқатар тапсырмалары жеткізілді. Атап айтқанда 2026 жыл Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны айтылып, бұл бағыт ІІМ қызметінің алдағы кезеңдегі басым бағыты болатыны атап өтілді.
Арман Амангелдіұлы қылмыс деңгейін төмендету, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дамыту және тереңдету, қызметке цифрлық әрі интеллектуалды шешімдерді белсенді енгізу, сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру бойынша нақты тапсырмалар берді. «Заң мен Тәртіп» идеологиясын нығайтып, елді мекендерді қолдауға, мал ұрлығының, интернет – алаяқтықтың алдын алуға және басқа да өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
Сондай – ақ полиция генерал-майоры А.Саданов 2025 жылғы қызмет қорытындысы бойынша үздік деп танылған қызметкерлерді марапаттады. Еңбегі еленген қызметкерлердің кәсібилігі мен жауапкершілігін ерекше атап өтіп, олардың күнделікті қызметі азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда маңызды екенін айтты. Өз кезегінде қызметтерін адал атқарған полиция қызметкерлері көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да өз міндеттерін абыроймен атқаруға дайын екендерін жеткізді.
Қазіргі таңда өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты. Облыс көлемінде қоғамдық орындардағы қауіпсіздік шараларын күшейту және қылмыстардың алдын алу бағытында полиция қызметкерлерімен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыс саны төмендеген.
Кеңес барысында департамент бастығының орынбасарлары жетекшілік ететін салалары бойынша баяндама жасап, қызмет басшыларының есептері тыңдалды.
Полиция қызметінің өзекті мәселелері, халықты жан-жақты және шынайы ақпараттандыру, полиция қызметін жетілдіру бағытындағы шаралар жөнінде де сөз қозғалды.






