Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу және еңбекке тарту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар атқарылуда.
Қазіргі таңда Қызылорда қалалық пробация қызметінде 500-ден астам сотталған есепте тұр. Жыл басынан бері 20 жұмыссыз сотталған жергілікті әкімдік белгілеген квота негізінде жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы қалалық пробация қызметінің бастығы Фариза Сембаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен пробация есебіндегі тұлғаларды жұмыспен қамту үшін 42 жұмыс орнына квота белгіленген.
– Пробация есебіндегі 20 сотталған жұмысқа тұрғызылып, белгіленген квота игерілуде. Бұдан бөлек, квота аясынан тыс тағы бірнеше азаматты жұмысқа орналастырдық. Қазіргі таңда олар тұрақты түрде жұмыс істеп жүр. Есептегі азаматтарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек тұрақты көрсетіледі, – деді Фариза Сембаева.
Қызметкерлер есепте тұрған әрбір тұлғаның мекенжайына күнделікті тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын ұдайы атқаруда.
– Пробация қызметінің көмегімен жұмыс таптым. Қазір жұмысым тұрақты, уақытылы барып жүрмін. Екі қолға бір күрек табылғанына қуаныштымын. Бізді сотталған деп бөлмей қоғамға бейімделіп кетуімізге көмек көрсетіп жатқан пробация қызметкерлеріне алғысымыз шексіз,-дейді есептегі сотталған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<