Қызылордада қан орталығы ашылды

301

0

Фото: облыс әкімдігі

Қызылордадағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа нысанмен толықты. Сырдың сол жағалауында жаңа қан орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысты. Шарада сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов та болды.

Бұған дейін қан орталығының өз алдына жеке ғимараты болмаған. Облыстық көпбейінді медициналық орталықта орналасқан еді. Жұмыс барысында орын тапшылығы сезілетін дейді қызметкерлері.

Салтанатты шарада сөз алған Тамара Дүйсенова мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы атап өтті. Қазірде елімізде Президент тапсырмасымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асуда. Оның шеңберінде елді мекендерде екі жылда 655 алғашқы медициналық санитариялық көмек беру нысандарын салу көзделген. Жоба аудандық ауруханаларды жетілдіруді де мақсат етеді.

Қызылордада қан орталығы ашылды

«Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында бүгін жаңа Қан орталығының ашылуына куә болып отырмыз. Жылына он мың адамға қызмет көрсете алатын нысанның аймақ үшін маңызы зор. Біздің ең негізгі мақсатымыз ұлт денсаулығын сақтау. Ұлт денсаулығы – мемлекетіміздің даму кепілі», – деді вице-премьер.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та жерлестерін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Айта кетейік, ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген болатын. Жыл сайын өңірде 10 мыңнан аса тұрғын донорлық қан тапсырады екен. Орталық медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындамақ.

Шара аясында аймақтың дансаулық сақтау саласының автопаркі де жаңа көліктермен толықты. Салтанатты түрде медицина мекемелері басшыларына 76 санитарлық автокөліктің кілті табысталды. Жаңа жедел жәрдем машиналары 11 медициналық мекеме аясында халық игілігіне жарайтын болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<